02.09.2022
102
Өзегімді от өртеп «елім» деп ем
Өзегімді от өртеп «елім» деп ем,
Көкірегіме түспеді көңілді өлең.
Күлді тобыр.
Уақыттың дәптеріне
Жазып едім жайыңды шерімменен.
Сезім өлген.
Жыр сұлық.
Құлқын тірі,
Бір ойыңды бір ойың қылғындырып,
Еңіреген елім деп ерлеріңнің
Көкіректе қамалып бұлқынды үні.
Даңғазаның буына маң дала мас,
Жапырақсыз қурады арман-ағаш.
Кірпігіне қан қатып қоғамың тұр,
Үміт күткен ұрпағың ол жалаңаш.
Арманымен қондырған айға өлеңін,
Адалдықтың әр кезде байрағы едің.
Етік сатып ертеңің базарда жүр,
Енді күнің не болар, қайран елім?