02.09.2022
  110


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

Сазға отырған сананы тіршілікке құл етер

Сазға отырған сананы тіршілікке құл етер,
Жүрекке мұң түнетіп, күн артынан күн өтер.
Қараңғы аспан көгінде Ай туғанда іңгәлап,
Біздің ғұмыр-кітаптан үзіледі бір парақ.
Ескі зират маңынан үні естілер байғыздың,
Жымыңдайды жұлдыздар — нөкерлері Ай-қыздың.
Кеше солай жымиған, жымияды ол ертең де,
Өкінбегін бауырым, арманыңа ерте өлген.
Иек артқын, одан да үмітіңе алды аспан,
Қиялыңда күн сүйіп, құдайменен жалғасқан.
Өз ойынан у жұтып,
Мынау жалған тірлікте қанша дана жаза алды,
Өмір сүру — көп үшін күту ғана ажалды.
Өмір, өлім — қос сезім тірі адамға мәңгі ырзық,
Ойлы адамның қашан да бойын билер жалғыздық.
Жұрттан асқан ақыл-ой байлығы һәм қорғаны
Жалғыздық та бір бақыт, Аллаға ұқсау ол-дағы, —
Деп іңірде тамызық ұрлап тамұқ отынан
Үміт пенен үрейдің шамын жағып отырам.
Дәл осылай сен маған әңгіме айтсаң сенбес ем,
Әлгі айтқанның барлығын бастан кештім мен кеше.
Қолы жетпей бізге де бақыт дейтін байғұстың,
Мыстан-өмір қолынан көземенен қайғы іштім.
Иә, солай жұттым да бір қайғының «шырынын»,
Жалғыз жортып, түндерде көкке қарап «ұлыдым».
Айға ұмтылған арманның отын жаққан бейнеттің,
Тілін тауып бір күні өлеңімде сөйлеттім.
Ел қамын жеп еңірер болсам деп ем ойлы адам,
Маған тілін шығарып, мырс-мырс күлді айналам.
Сосын әлгі ойымнан әп-сәтте мен «тазардым»,
Біздің ғұмыр — бұл күнде күту ғана ажалды.
Сазға отырған сананы тіршілікке құл етер,
Жүрекке мұң түнетіп, күн артынан күн өтер...





Пікір жазу