02.09.2022
  94


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ТОЛҒАҚ

Үш күн болды аспан тұр қар жауа алмай,
Қайта-қайта толғақ кеп «алдағаны-ай».
Кеше адалбақанға асылған бұлт
Ыңырсиды күнұзақ: «Алла-ай, Алла-ай».
«Көзі тиіп кетті ме қаймананың,
Ақсарыбас, а, Құдай, байлағаным».
Күні-түні Аллаға жалбарынып,
Үйден сыртқа шықпайды кейуана-Күн.
Қосшы қылып жұмсайтын жынын әкеп,
— Кет, пәлекет, жаныма жуыма! — деп.
Жаңа жеткен бақсы-Жел зікір салып,
Қамшысымен шайтанды қуып әлек.
— Бұл жолғысы ұл болар — келіскен ер,
Әлде тағы қызалақ — өріс келер.
Шарананың кіндігін мен кесем! — деп,
Таласуда шуылдап періштелер.
Емен аға, бір қызық, желіккені, ал:
— Аспан-ана жіберер беріп хабар.
Әй, бәйбіше, сыйыңды дайындай бер,
«Сүйіншілеп» бір бала келіп қалар.
Күрсінеді Жер-ана, (дерті көп-ті),
Көптен бір той күтіп ек,
Реті кепті.
Дәргейіңе бар ғалам бас ұрып тұр,
Қасарыспай ей, Алла, бер тілекті!





Пікір жазу