02.09.2022
  181


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ҚҰДАҒАЙ

Сәлем бердік, төрге шық, Күз-құдағай,
Құрметіміз қалған ба сізге ұнамай.
Қабағыңнан қаймығып кетті шығып,
Қыз мінезді Жаз дейтін біздің ағай.
Даңғырлатып бұлт-нөкер шелектерін,
Желіктірер анау жел желөкпені.
Әжеміздің өрмегін күрт үзіпсіз,
Сәл сабыр ет, құдағай, о неткенің.
Біздің әрбір ісіміз күнә сынды
Өршелене жаясың құлашыңды.
Жекжат жөнін білмейтін ел емеспіз,
Ақылға кеп, бер енді бір ашуды.
Қайың шашын жұлыпсыз обал-дағы-ай,
... Бұрын қалай келгенбіз абайламай.
Біз еңкейген сайын сіз шалқаясыз,
Мінезіңіз, апыр-ай, қалай-қалай?
Ренішім қалайша іркем енді,
«Көп асқанға бір тосқан» бір келер-ді.
Бізді тыңдамасаңыз Қыс сөйлесін,
Сол ақсақал әулеттің үлкені еді.
Ныспысы — Қыс,
заты оның тегін емес,
Әдеп сақтар ол сізге келін емес.
Екпініңіз басылып қалғандай ма
— Жә, деймісіз,
Е, солай жөніңе көш.
Әй, құдағай-ай...





Пікір жазу