02.09.2022
  118


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ӘН

Күздің бағы жанбаған әу бастан-ақ,
Сонысына қарамай ән бастамақ.
Анау шыңның басынан ән тыңдайды
Жаңа ғана жеткен бұлт жамбастап ап.
Жапырақтан тағдыры айырғасын,
Тал айтады бұл әннің қайырмасын.
Емен аға безеріп қалған тұста
Мұңлы қайың бір әуен дайындасын.
Көзге жас ап, жоғары қараған көл…
Мұңлы сызық — аспаннан тараған жол.
Қайтқан құстар сыңсиды Ай, Таңсық боп:
“Балталы, Бағаналы ел аман бол!..”
Ән салып тұр бақ-тағы біз баратын,
Тәкаппар қыз, таясам сызданатын.
Қош айтысқан күрең сәт есіңде ме,
Қол бұлғаған мен емес… күз болатын.
Ән сап тұрып ақ қайың дір еткенде,
Жұбатамын, (жоқ өзге тілек менде).
Күздің әні тым мұңлы, сол мұңлы әуен
Шым-шым етіп сіңеді жүректерге.
Шырқалады ән әлемге мұң дарытып,
Әлдекімді қалғандай құм да күтіп…
Желдің-дағы жүрегі жылап кетті,
Түсінбейтін кеткенмен түр танытып.
Беу, дүние, күткенің осы ән бе еді? –
Дүрсінгеннің …ішінен осал көбі…
Адамды адам қылатын осы бір сәт,
Егер одан айырсаң, қоса ал мені!..





Пікір жазу