02.09.2022
107
Желтоқсанның желді күні...
Желтоқсанның желді күні
Желегімді жұлқылайды.
Сезімімнің сендік үні
Шыңыраудан шырқырайды.
Жүрегімнен тамған қанға
Қап-қара боп гүл өсіпті.
Шығысымнан таң жанғанда
Шырын түнім түгесіпті.
Шымылдығын сырып түннің
Саған қарай қадам бастым.
Үкілі ойды үміт қылдым,
Арманыммен амандастым.
Мәңгі іздеген бағым менің,
Мәңгі арылмас сорым дедім.
Тұмарым боп тағыл дедім –
Көз жасым боп төгіл дедім.
Бейуақта бетпе-бет кеп,
Іздегенім – осы дедім.
Өкінбеші... өкпелеп тек,
Жазмышымнан шошып едім.
Ғарыш нұрын қалқан еткен
Жаның бүтін – бүлінбейсің.
Опа таппан шалқалап мен,
Жебеп жүрген пірімдейсің.