02.09.2022
  95


Автор: Жанат Әскербекқызы

Тереземді жел қағады...

Тереземді жел қағады,
Сыр айтады сыбырлап маған,
Күрсініп мен де мұңымды ақтарам,
Боз жорға мініп, бозамық, түнде
Бозжігіт болып ұрынбақ маған,
Қарт қаңтар мынау, ызғарлы демі,
Қабағын түйіп, қызғанды мені,
Сыңсыған қайың сыбызғы шалып,
Санамда мәңгі сыз қалды деді.
Тереземді жел қағады,


Өзің боп келіп өбемін дей ме,
Жаныңа нұр боп енемін дей ме,
Басын шайқаса бурыл теректер
Шашыңды сенің көремін кейде.
Әлсіз шырақтай өлеусіредім,
Демімді аңдыр демеушілерім,
Алып кетсеңші ақ бозыңменен,
Жел болып жеткен жебеушім едің...
Төсінде ойнап бозамық белдің,
Бозжігіт болып бозарып келдің,
Сұп-суық тірлік суындырғанда
Өмірден бірге озалық дермін...
Тереземді жел қағады...
Үн қатпас бөлмем наласы көшкен,
Соңымызда ел қалады...
Адасып естен...





Пікір жазу