02.09.2022
124
Тәңір, сірә...
Тәңір, сірә,
Сізді аяды.
Біз баяғы... керексіз.
Жаңа туған айға қарап,
Ақталасыз не деп, Сіз?!
Түн кебіні
Көлбендейді,
Шер меңдейді өн бойын.
Сізді даттап жел ызындар
Қалай ғана сенбейін...
Біздің көңіл Сізден қалған...
Күзден қалған қоп-қоңыр,
Өкпелетіп өзектіні
Өзгеден де өтті өмір.
Құс жолымен
Бұлт өреді,
Үркер еді үн қатқан.
"Мені күт" деп, қарлы шыңнан
Қолын бұлғап күлді ақпан.
Жұлдыз сырғып Арқасынан
Шалқасынан құлады Ай.
Төзіміңіз шырылдады,
Үнсіздікке шыдамай.
Түнге шомдым,
Сізді ұмытып,
Бізді күтіп түр ғалам.
Сұлбаңыздан қарауытқан
Алыстадым бір қадам...