Аспан – анау...
Аспан – анау,
Жер – мынау,
Мен - дін аман,
Алмағайып халге сап көрді ғалам.
Айта алмаймын ештеме...
Жан сілкініп,
Жүрегімнен толассыз сел құлаған.
Аспанның да түбі бар... құрдым екен,
Оның жайын бір пенде білді ме екен?!
Қызықпайды тұңғиық тұрысына
Жер болмысы...қабірлі... гүлді мекен...
Қарайтынмын көк жаққа төр шығар деп,
Мәңгілікке баратын жол шығар деп.
Сіз бен Бізді амалсыз біріктірер
Тәңір жазған бір орын сол шығар деп...
Қарай-қарай бөлінді санам санға,
Сірә, дәтім жетпейді-ау бара алсам да.
Ғайып болар сезімді бодан қылып,
Байлайын да ғажайып ғаламшарға.
Сосын ол да сіңеді аспанға бұл,
Шығарады судан от, тастан да гүл.
Күрсінеді сол сәтте амалсыздан
Мүрделерді бауырына басқан қабір.
Өң мен түсі алмасқан тірлік осы,
Таңы – ғажап, түні ойлы, мұңлы кеші.
Жаңғырады ауада жалғыз даусым –
Жалған сұмға жүргізген бір күресі.
...Сағынышты жүрекке түнетерсіз,
Даусымды естіп, білемін, дір етерсіз.
...Сізді көрдім түсімде...сынық қанат
Жете алмастан мен жаққа жүр екенсіз...