02.09.2022
  116


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

«ДІНСІЗ» ӨЛЕҢ


















Бір досым «уахаб» болды, сақалы бар,
Бірінің «... жамағатшы» атағы бар.
Інімізді қамады абақтыға,
«Салафи» дегендермен шатағы бар.
Әңгімесін тыңдасам анда-санда,
Кейбіреуі қарамай оңға-солға,
Дінсіздерге аяусыз күрес ашпақ,
— Ай, тапқан «кәпірлерің» мен бе сонда?!
Дін жолына бас тіккен, жан-жағым, ер,
Қайсысына еремін, паруадигер?!
— «Өз жолыңмен жүре бер...» — дейді бір ой, —
Кім дұрыс, кім бұрысын Алла білер.
Бәрі тура жол тапқан... санаменен,
Маған ғана бұйырмай тағалы өлең.
«Тура жолда» жүре алмай, тайғанақтап,
Баяғы «қисығыма» бара берем.
Торсығыңнан су ішкен қаталаған,
Арамды жемек түгіл,
Атамаған.
Біреудің ала жібін аттамай-ақ,
«Қисық» жолмен өтіп пе ең, ата-бабам?!
— Е, Алла! — деп сиынып торыққанда, —
Аттың белін талдырып жорықтарда, —
Дінсіз бе едің, жалғыздың атын алмай,
— Төбемде Құдай тұр! — деп қорыққанда?
...Онсыз да жетер жандар жиі алдайтын...
Білсең де түлеп ұшқан ұяңды айқын,
Не күн туды, бір шалдан өнген ұрпақ,
Бір дастархан басына сия алмайтын?
Әрқайсымыз «оятып», қауымды анау,
Ал тосалық кеудені жалынға алау.
...Бір күні біз де өтерміз.
ҚАЗАҚ пенен
ҚАЗАҚСТАН не болмақ, бауырлар-ау?!





















Пікір жазу