02.09.2022
  148


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

АҚ ПЕН ҚАРА

Өмір — қара көрінер,
Бояғасын.
Сізді амалсыз тыңдаймын, аяғасын...
Қара аспанды төбеңнен төндірердей
Не басыңа күн туды әй, ағасы?!
Соқыр байғұс жазбайды көргенінен:
«Қараспайтын халыққа
Сенгенімен.
Үкіметтің оңбаған екендігін»,
Білмейді ғой деймісің,
Мен де білем.
Түбі тесік қалтаңның,
Хош, кедейсің...
(Бетіңе айтсам, ініңді дос дегейсің).
Жалақыңның шай-суға жетпейтінін,
Білем, бірақ, дәл маған не істе дейсің?
Ал, ал мен де заманды жаман дейін,
Заманына лайық адам дейін,
Қатыгез боп барады қоғам дейін, —
... Содан кейін не деймін, содан кейін?!
Өзге жұрттар көп айтар «жақсыны» өте,
Бәрімізге бір аспан асты мекен...
Дүние түгел өртеніп кеткен жоқ қой,
Жан қуантар бірдеңе айтшы, көке!
Өткеніңді ойменен парықтап ал,
Саған берер жауабын халық табар:
«Егер айдың он бесі қап-қараңғы
болса, қалған он бесі жарық болар».
Рас, бүрден айрылды талай табан,
Бірақ қалай өмірді қарайта алам?
Бұрынғылар әлгіндей сөз айтыпты,
Асырып мен олардан не айта алам?





Пікір жазу