02.09.2022
  155


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

СҰЛУ

Оны көрсе Ай да жүзін жасырған,
Тағдырым, — деп көрген түске бас ұрған.
Көне хисса кейіпкері сықылды,
Бір аруға ғашық болдым жасымнан.
Жымиғаны — жерлік барша құлға азық,
Бәрі әуреге түсіп жатар жыр жазып.
Жас үйріліп шыға келер көзіне,
Ақ бұлт тектес жаны да оның тым нәзік.
Һәм жеп-жеңіл, білінбейді салмағы,
Күллі Алаштың кие тұтар ардағы.
Аққу сынды жүзіп өтсе жанынан,
Оған қарап жүріс түзер жел-дағы.
Төрден орын беріп небір асылға,
Қойынына көп қуаныш жасырған.
Жер бетінде жүз жыл өмір сүрсе де
Ондай сұлу көрмеген көп ғасырлар.
Су астынан тауып алған жақұттай,
Мәңгі есіңде қалып қояр уақыттай,
Қос ат мініп қуса-дағы соңынан
Тәмам ғашық жете алмаған бақыттай.
Пенделіктің түспес оңай торына,
Мың-сан еркек бас тігіп жүр жолына.
Хафиз екі қала сыйлар ару да
Су құя алмас оның тіпті қолына.
Бар әлемнің шайып өтер қайғысын,
Сол сұлудың — аршын төсті, ай мүсін.
Жанарына бір «шомылып» алса егер,
Мәжнүн бірден ұмытар еді Ләйлісін.
Жазылсын деп көп қабақтар түнерген,
Бір ер өнер асырсын, деп бір ерден,
Әлемге үкім жүргізсін, деп сұлулық —
Аллам өзі жер бетіне жіберген.
Оны көрсе Ай да жүзін жасырған,
Тағдырым, — деп көрген түске бас ұрған.
Көне хисса кейіпкері сықылды,
Бір аруға ғашық болдым жасымнан.
Дәл осылай аша бермес ер сырын,
Емес мұным — жүрген жерім қомсыну.
...Соңғы күндер жиі еніп жүр түсіме,
Алматы деп аталатын сол сұлу.





Пікір жазу