02.09.2022
  108


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ҚОНАҚ

Есіне сап ғарыш жаққа қайтуды,
Хақ-Тағала хабаршысы — Ай туды.
... Иә, иә, қайтқан да енді жөн шығар,
Келгелі де көп әңгіме айтылды...
Елден ерек көрінетін түр-түсі,
Өмір шалдың қонағы еді бұл кісі.
Бай шал еді ол, көрінбейтін көл беті
Су ішуге құлағанда жылқысы.
Жасыл жайлау,
Қымызы бал,
Таза ауа,
(Рас, кейде артық кетсең жазалар).
Қызы сұлу, қызығы мол ауылда
Қонақ болған ғажап, ә!
Жанарымен байлап тастар жігітті,
Құмырсқа бел сұлулар-ай, қылықты.
... Осы ауылдан қара үзіп кете алмай,
Біздің жігіт қонақтығын ұмытты.
Жанында екі атқосшы бар: Бақ, Қайғы
(Мұндай серік аспан жақтан таппайды).
Ана жолы кете алмады, жиналып,
Біздің қазақ тойдан ерте қайтпайды...
Айды көріп, айтып шалға алғысын,
Кетпек еді...
Сосын айнып қалды шын.
Ертең — той бар!
Бармай кетсе ұят-ты.
Көре жатар арғысын...





Пікір жазу