02.09.2022
  128


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ҚИЯМЕТ-ҚАЙЫМ

Уай, дүние, тұман басты байтағыңды,
Айта алмайтын сәт туды айтарыңды.
Бір кезде жер бетіне жіберілген,
Күллі әлем Алла алдына қайтарылды.
Жиналды барша адамзат бір алаңға,
Момының да осында, ғұламаң да.
Қайтар жол жоқ, жоқ енді бұралаң да,
Қайда жүрсең, алдыңда бір-ақ Алла!
Айыратын шақ осы Ақ-Қараны,
Кім қуанып, кім отқа қақталады?
Періштелер ғаламға жар салып тұр:
«Сот болады, адамзат, сот болады!»
Әркім ие болар шақ «ауызына»,
Жуасы да қорқады, жауызы да,
Қорқыныштан бір сәтте сыйып кетті,
Күллі ғалам тарының қауызына.
Ақыным, бекер уақыт оздырасың,
Бұл шақтың неменесін сөз қыласың.
Ана безді баладан, (өзге түгіл):
«Әркім өзі көтерсін өз күнәсін».
Патшаға боп көрінер қараша — нар...
Жазумен пенде бар ма таласа алар?
...Уай, кім бар, күнәсі көп адамзатты,
Алланың қаһарынан арашалар?.
Адамзат ең әуелі Нұхқа келді:
—Уа, асыл пайғамбарым, құтқар елді.
— «Үмбетімді қидым ғой мен өлімге,
Аллаға қарар қандай бет бар енді...».
Мұсаға қалай енді ел жүгірмейді,
«Менің де қолым қан ғой...».
Дірілдейді.
Ғайса түк сөйлемей, тек бас шайқайды,
...Адамзат сонда да әлі түңілмейді.
«Тірлікте жүрер жолды таба алмаппын,
Ақыры Алла екен ғой тәмам заттың,
Мұхаммед — екі дүние пайғамбары,
Сізде енді бар үміті адамзаттың...».
Ұмытпаған бір сәтке құбыланы,
Жас жуып, нұр дидарын шұғылалы.
Алланың досы жүзін Хаққа бұрып,
«Үмбетім, үмбетім...» — деп жығылады.
...Одан соң не болғанын жан біледі,
Анығын жалғыз Жаббар-Жар біледі.
...Менікі тек жай ғана қайталау ғой,
Шалдардан жеткен аңыз-әңгімені...





Пікір жазу