УӘДЕ
Әлмисақта Рух болып танысып
Тәңіріме бір Уәде беріп ем.
Содан бері шайтан қалмай жабысып,
Көрші болып қонып алды менімен.
Қандай ақыл қосасыңдар,
Дейтіндер:
«Тек сұлулық билеу керек әлемді!»
Көрші қонса шайтан әйел кейпінде
Ол құрғырың болса және бәденді?!
Одан қашып құтылмады көп адам
Ойнақ салар қаныңда һәм миыңда.
Тіпті құлақ аспас едім мен оған
Бірақ, бірақ, «көрші хақы» қиындау.
Сезем, білем көп қылығы ерсі шын
Астыма әкеп қояды ылғи көпшікті.
Бір досымның сұрамақ ем көршісін,
Тәңір алғыр, ол да шайтан боп шықты...
Ай, досым-ай, баладайын аңғал тым,
Жұртты өзіне тартады ылғи соныңыз.
Құдай көрдім десем, неге таң қалдың
Бәріміз де көріп ек қой оны біз.
Рас, онда Рух еді көрінген,
Жоқ болатын еліміз һәм тәніміз.
Содан кейін кеп жатырмыз өмірге,
Кезегіміз келген кезде бәріміз.
Уәде беріп, орындамау ерге сын,
Түбінде ор боп шығады ол алдынан.
Біз басқаша ғұмыр кештік келгесін,
Айтылған сөз айтқан жерде қалды да.
Мақшар күні жүзінен бір сұс тарап,
Күллі дүние сезінген сәт әмірін.
Не деймін мен білегімнен ұстап ап:
— Уәдең қайда?! — деп сұраса Тәңірім.
Маған ара түсе алмайды-ау бір адам,
Көбі өйткені жүрген менше адасып.
«Ат шаба алмас мінімнен» деп жылаған,
Біз түгілі Құнанбайдың баласы.
Біз — құлыңбыз, шайтан буған сезімі аш...
Мына түрмен көре алмайтын маңыңды.
А, Жаратқан, жүрегімнің көзін аш,
Содан кейін алсаң алғын жанымды...