02.09.2022
  104


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

СӨЗ

Бабам мүлде өзге еді,
Тілі келген тобаға.
«Ел анасы — сөз!» — деді
Бас иіп сол анаға.
Атамды сөз өлтірді,
Иманы еді ол оның.
Сөз қозғады дертімді,
Ащы ой жуған кемерін.
Әкемде сол жүгіріс:
«Уәде — Құдай үйі!» — деп.
— Жалған! — деді Ібіліс,
Көзін қысып жиірек.
Содан... жаным ауырмай,
Құмға сүйреп кемемді.
Қара ниет Қабылдай,
Сөзді өлтірдім мен енді.
Қандай ғажап (күлем бір),
Жақын тұрмау, Ар, саған.
Алдап кетем біреуді
Ләззат алам әм содан.
Сөзге тоқтап, жеңілмей,
Басқа теуіп обалды.
Атасы өлген келіндей
Именбейтін боп алдым.
Мақсат басқа, өзге арман
Болмысым да... көнерді...
...Атамыздан сөз қалған,
Не қалдырам мен енді?
Сап-сап, көңлім — бозжорғам,
Жоқ нәрсеге налыма.
«Ең әуелі Сөз болған!»,
Сөз болады соңы да!





Пікір жазу