02.09.2022
  75


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ӘНШЕЙIН ӨЛЕҢ

Бүгінде жұрттың бәрі — бай баласы,
Қосшы боп, құлдық ұрған айналасы.
Дәл соның атасынан пана тапқан
Қазақтың қаңғып жүрген қайманасы.
Атасы — мына достың батыр болған,
Аузынан шыққан сөзі мақұл болған.
Батырдың шарапаты тиеді деп,
Көп адам сол кісіге жақын қонған.
Жұрт айтса,
рас шығар, күндемеймін,
Өзімнің айтарым жоқ, үндемеймін.
Дәл қазір қанша іздесең таба алмайсың
Ұрпағын жылқы баққан бір кедейдің.
Үлестен қақса да ылғи шетке, мейлі,
Несіне тағдырыма өкпелеймін.
Тек таңқалам: түбі шикі боп шыққаны-ау
Ана жыл шуылдаған көп кедейдің...
Тарихтың дұрыс шығар мәнді үкімі:
Санада қалмайды екен жарлы тірі.
“Кедеймін жеті атамнан...”
... сол ақынның
Алпауыт бай боп шықты арғы түбі...
...Алдына жеткен шақта арман сірі,
Қыңыр шал ажырайтып алған түрін:
“Баласы... балық жеген қу кедейдің!..”
...Апыр-ай, қалай әкем қалған тірі?
Өмірге біздерді алып келген деймін,
Қара шалға ханды да тең көрмеймін.
Ай, сәбет өкіметі, рахмет,
Әкеме қатын алып берген деймін.
Нақ байлам осы шығар көне, бекем —
Қоғам өтсе, жұрт оны сөгеді екен.
Беті аулақ, мына дүние шыр айналса,
Менің әлгі көп ағам не дер екен?...
Өткеннің оралмасын ұқса да айқын,
Атасын айтса жүзден сұс тарайтын.
Доспын мен ұрпағымен біраз байдың
Тек... арғы атасына ұқсамайтын.





Пікір жазу