02.09.2022
  108


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ҒАСЫР БАСЫНДАҒЫ КӨҢІЛ-КҮЙ

Ақыл айтар: — Айналып өт жырадан,
Адам болам десең қалмай қатардан.
Алдыңғы күн атқа қонды бір ағам
Мұса шалдың ұрпағынан бата алған.
— Онда тұрған не бар? — дейсің,
білемін —
Тазы ғой ол шалған заман-түлкіні.
Білем... бірақ ауырады жүрегім,
Көріп оның езуінде күлкіні.
Ағамды емес, ананы айтам,
... сол, иә.
Тектен-тек ол бермейді ғой батасын.
Ертеңгі күн ит қосады соңына
Өзі істетіп, көріп сосын... қатасын.
«Алданғанның болайын, деп соңы мен»
Қашан, шіркін, мына жұртқа ес кірер.
Ана әзәзіл жымиыстың қолымен
Тақта үстінде алмасады пешкілер.
Мына өмірде есем кетті талайға
Ібілістің алдына кеп шешінген.
Рухымның басы қалды Қаройда
Ықыластың қолыменен кесілген.
Өз қолым ғой...
Оған қалай кінә артам?
Ар жағында тұрған сұлба... (таныман).
Алға ұмтылсам керіледі мың арқан
Арқан ұшы... кіл қандастар тағы да.
Алауыз боп, шеккенімен түрлі азап,
Албасты ат қып мініп алған мойынын.
Төрді өзгеге беріп қойып, бұл қазақ
Бастап кетті егеуқұйрық ойынын.
Жапырақтар құшар кезде ажалын
Қабағына мұң ілінер күздің де.
Үш жүз болып тайталасқан қазағым,
Енді тағы бөлінер ме жүз дінге?
Дәл осыны мақсат қылып, жанығып
Мың құрығын тастағанмен кіл мұндар.
Ондай күйге жібермейді, Тәңірім
Оған-дағы керек шығар шын құлдар...
Осы бір ой жылытады жүректі
Шын сенімді қозғалта алмас нән құйын.
Тәңір қабыл алсын осы тілекті
Қол жайыңдар,
Әумин!





Пікір жазу