02.09.2022
  90


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ ӨЛЕҢ

«Жер сатамыз...».
Тулады көнбей бауыр,
Бірақ Желді қоймайды жеңбей Дауыл...
Біраз ауыл қаңырап...
Онда не тұр?
Билік дұрыс айтады: «Өлмейді ауыл!»
Мінбелерден келтірер, Күштім, дерек:
«Нарықты әбден игердік...».
Пістім, демек.
«Қазақ тілін...».
Қой, енді ол ұят болар,
Билік дұрыс айтады: «Үш тіл керек!»
Күн шыққан соң гүлдейін шықты азалар,
Оңашада жарасын құртқа жалар...
«Қытай қаптап барады...».
Не демейді ел,
Билік дұрыс айтады: «Тіпті аз олар!»
Асулардан өтпей ме ызғытып Ер,
Асқар шыңдар... қонатын бізді күтер.
Адамзаттың қазаққа бәрі бауыр,
Билік дұрыс айтады: «Біздікі төр!».
Тәңір өзі кеңейткен керегені,
Патша көрген елміз біз өнегелі.
«Қашан қазақ боламыз?!».
Ай-ай сабыр...
Билік дұрыс айтады.
Не деп еді?...





Пікір жазу