02.09.2022
  112


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ҚАРҚЫЛ

Жағамызға қол салды...
Үндемедік,
Беймезгіл есік қақты...
— «Кім?» — демедік.
...Тереземнің сыртында нар ағашқа,
Шуылдайды топ қарға күнде қонып.
Нар ағаш — ағаш емес...
Өзім менің,
Мен ғана дәл осындай төзімді едім...
... Қарғаға қызық емес, шығар, сірә,
Арманым,
Мұраттарым,
Сезімдерім...
Ит басына жатқандай іркіт төгіп,
Қарғалар қарқылдайды.
Үркітпедік...
( Шіркін-ай, еңсем бір күн жазылар ма,
Қарға емес, бұтағыма... бүркіт қонып).
Дүние — домаланған сайда қаңбақ,
Бір-ақ сәтте қуарар жайнаған бақ.
Кенеттен дауыл соғып...
Мен құласам...
Шуылдасқан топ қарға қайда бармақ?
Осыны білмей ме екен, антұрғандар,
«Мен бір мысал айтайын.
Ал тыңдаңдар...» —
десем, құлақ қақпайды бірі тіпті,
...Е, мейлі, қарқылдаңдар, қарқылдаңдар.





Пікір жазу