02.09.2022
  137


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ӨТІРІК

Ол өтірік айтады, мен сенемін,
Мен өтірік айтамын, ел сенеді.
Ел өтірік айтса егер...
Не болады?
(...Іштеріне үңіліп көрсем еді).
Түңлігімнен көп болды төгілмей нұр,
Ақ жаныма жабысар желімдей кір.
Содан соң өз-өзімді жұбатамын:
«Өтірікке құрылған өмір ғой бұл...».
Жұрт сенгенге, біз сенбей өлеміз бе...
Ел,
Мен сияқты бәрі де көнеміз дер,
Шындық деген — жарық қой.
Сол жарықтан
Көрұғлыдай қорқамыз неге біздер?
Шындық керек! — дейміз біз лепіріп те,
Шындық керек! — дейміз біз... кекіріп те.
Содан кейін...
Жүреміз үлес қосып...
Күллі дүниежүзілік өтірікке.
Ұран салып небір дүр келсін, мейлің,
(Жұрттан асқан сен де бір ерсің деймін).
Сенген түр танытам да,
(Күліп іштей):
«Өтірігіңе береке берсін» деймін.
Берген соң Құдай сондай өре бізге,
Қарамыз да күлеміз, төреміз де.
«Ертеңгі күн не болар...»
Жан шырылдар...
...Е, мейлі, жұртпен бірге көреміз де.





Пікір жазу