02.09.2022
  101


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

БІР АҒАМЫЗ АЙТЫПТЫ...

Салулы төсек, салқын үй,
Ақ шаһар болды — қонысым.
Деген жоқ: «Мынау түсінігі таңқы би»,
«Атекемдеп» аяғын құшқан болысым.
Сөзімді төктім түйдектеп,
«Қара қазан, сары баланың» қамы үшін.
Ана біреулер тақымға салып сүйретпек,
Мен жыртпасам намысын.
— Қонақжайсың һәм дарқансың,
Тарихыңа үңілсең.
Тәңір азабын тартарсың,
Салт-дәстүрден түңілсең.
Қасқыр да қылмас жолдасына қастығын,
Біз айналмайық мазаққа.
Төңірегіне ұйысыңдар басшының! —
Ат үстінен ақыл айттым қазаққа.
Сөз деген не?
Суыратын қалтадан,
Ақша емес қой, білесің.
Басшым мені қағады ылғи арқадан,
Дайын және үлесім...
Талай жиында «Ай, қазағым» деп күңіренгем,
— Ой, пәлі! (Қостап қойды ағай).
Қазақтың маған керек екенін білгенмен,
Қазаққа мені керек пе екен деп ойламай.
Қайда барсам да тыңдайды жұрт сөзімді,
Сеніммен һәм үмітпен.
Сендіре алмай қойдым бірақ өзімді,
Айна алдында тұрып мен.
Сұрағы тым ауыр екен уақыттың,
Сүйенгенмен алпыс екі айла-амалға.
... Бұрынғының биі қандай бақытты,
Өмір сүрген айнасы жоқ заманда.





Пікір жазу