02.09.2022
  82


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ЮРА. 1 МАМЫР

— Тұқымдарың жайылып, көктегірлер,
Күреңқабақ танытқан жоқ па едіңдер?
Осы үйден Юра келіп тамақ ішсе,
Несібеміз ортаяр деп пе едіңдер?
Еркегің, қатының бар, оңбайсыңдар,
Түбі осы ниетіңнен сорлайсыңдар...
Ескі-құсқы киімді бөліссеңдер,
Дәл содан кедей болып қалмайсыңдар.
Мал келіп, сыртта азан-қазан кезде,
Бұлқан-талқан боп қалды әжем лезде.
Ақ көкем күңкілдейді: — Ішкіш неме,
Тауып алған шығар «бас жазарды» өзге.
Юрамыз — жалғыз орыс ауылдағы,
Жоқ оның қатын-бала, бауырлары.
Қашан, қайдан келгенін білмейді ешкім,
Батырдың тек өзіне мәлім халі...
Қолы — алтын, сонысымен мақтанатын,
Пысықтар бірер апта ап қалатын...
«Юра қайда?» дегізбей күн батқанда,
«Құдайы қонақ» болып кеп қалатын.
Ол келсе, қай-қай үй де кет демейтін,
Асын да, арағын да шектемейтін.
Бірнеше ай ат ізін салмай кетіп,
Юрекең кейде осылай «өкпелейтін».
Кейде жұрттың көңілін ағыл-тегіл,
Көтере алмайтыны мәлім де еді...
Сүйкімі кетіп солай жүрсе-дағы,
Шал-кемпірге ерекше қадірлі еді.
Кейде айта алмаса да дұрыс атын,
Әңгімесін тыңдауға тырысатын.
Ол орысша сөйлейді, бұлар — қазақ...
Әйтеуір бірдеңе ғып ұғысатын.
Бал күні еске түсіп бұрындағы,
Қу тірлікке қайнай ма зығырданы?
Ол жыласа, кемпірлер егіледі:
— Е, Алла, бұл да өзіңнің құлың-дағы...
Уақыты жоқ мұңайып, торығатын,
Көрші қызға хат жазар «болып ақын».
Уайымсыз, балдәурен балалық-ай,
Орыстың бәрі Юра деп ұғатын...
...Ортайған жоқ біздің де несібіміз,
Қонаққа ашық әркез есігіміз.
Қазақстан бүгінде әлемге үлгі,
Жүз жиырма ұлттың тербелген бесігіміз.
Сан алуан болса да көзқарасымыз.
Өкіметім десе егер: «Жарасыңыз»,
Е, мейлі, достықтан кім бас тартыпты,
Юра көрген ауылдың баласымыз...
Төрт құбыламыз түгелдей бейне тіпті,
Қазақпыз елемейтін кей кетікті.
Тек олар... қақ төрімде жатып алып,
Мені ұмытып кетеді кейде тіпті.
Көріп, біліп бәрінің жөн екенін,
Ортасында жүрсем де мерекенің.
Юра келсе, мәз болар әжем құсап,
Мен қуана алмаймын.
Неге екенін...





Пікір жазу