02.09.2022
  158


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

СҮЛЕЙМЕННІҢ ЖҮЗІГІ

Қайран басым болған кезде бір әлек,
Жалғай алмай көп ойлардың үзігін.
Пайғамбардан қалған маған мұра деп
Тақтым қолға Сүлейменнің жүзігін.
Содан кейін күндер кештім қызықты ең,
Құшағы ыстық Бақтың аулын мекендеп.
Сәуле түсіп, жазу шықты жүзіктен:
«Байқа, бала, бұл күндер де өтер»,- деп.
Аттан түстім, түстім дұшпан торына,
Азап шектім, ит-өмірден түңілдім.
Далбасалап қарап едім қолыма,
Бұл күннің де өтетінін ұғындым.
Кісі ақын жеп, біршама елді жылатқан,
Бір ағама жүрген жері — хан жайлау.
Сыйлар едім жүзігімді, бірақ та,
Сиыр қосып берсем де ол алмайды-ау.
Деп: — Мыналар қалмай алсын мына айдан,
Тізім жасап жүргендерге сөз бұзып.
Пошта пұлын төлеп маған Құдайдан
Посылкамен келсе осындай көп жүзік.
Ащы ақиқат түстес болар өліммен,
Қарап жүр деп, бағың менен сорыңа.
Тізімменен үлестірер едім мен,
Һәм «алдым» деп, қол қойғызып соңына.
Соңына ерген көп итіне үргізіп,
Енді тізе батырмас деп, мына елге.
Тым болмаса, түссе көктен бір жүзік,
Кигізер ем, шіркін, анабіреуге...





Пікір жазу