ЕСКЕНДІРДІҢ МҮЙІЗІ
Мазасыз ой тап болды неге маған,
Тыныштығын күйттеген өлең аман...
Шекпен киіп жайланып, үнсіз қалды,
— Ел мұңы — менің мұңым! — деген ағам.
Жә, жарайды, тек сол ма үнсіз қалған,
Көкірегіңмен не пайда Күн сызғаннан.
Мен де үнсізбін. Тек шекпен кигенім жоқ,
әуел бастан ондайға қырсыз болғам.
Құрдым-уақыт көп күнді өтті де ұрлап,
Өзегімді ащы ойлар кетті қырнап.
Құдыққа кеп мұң шақтым:
«Ескендірдің
мүйізі бар басында», — деп сыбырлап.
Ақиреттен үмітсіз пенделердей,
Басын тықты топ қарға көңге өлердей.
Алтын сандық үстінде ел тарықты,
Мысалы, теңіз кешіп шөлдегендей.
Кес-кестеген алдымнан «құтты» шың көп,
Жанарына жанымның шық түсірмек.
Түбін тесіп сандықтың бал жалаған,
Қақты арқамнан қысық көз «мықтысың» деп.
— Шошқа аунап кеткендей көлшігіне,
Құты қашқан қалпымды көрші міне! —
Құдыққа кеп... жақындап бара алмадым,
Айналыпты ол біреудің меншігіне.
Айқайладым (қалайша жайлап айтам,
Жұлдыз мініп, дәм бітсе Айға қайтам):
— Ескендірдің басында мүйізі ба-ар!
...Жо-жоқ, мүйіз жоқ онда, ойнап айтам.