02.09.2022
  64


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ТҮС

— Өлең керек! — дейді өкімет түсімде,
Уай, неғылған ғажап бұл!
Барлық ақын бір-бір патша пішінде
Төбелері тимей көкке аз-ақ тұр.
— Осы қазір өліп кетсем арман жоқ,
Көзіме анық көрінгенде төңірек.
Жер бетінде мұндай Билік болған жоқ, —
дейді бірі еңіреп.
— Бұл өкімет қалды неге бізді елеп,
Бір бармағы ішінде қап тұратын.
Қандай Өлең керек еді сізге?! — деп
Топ ішінен сұрап қалды бір ақын.
— Жалған жырдан басымдағы бақ қайтар,
Тәтті сөзбен бірге өткізер айласын.
“Хан емессің, қасқырсың!..” деп бетке айтар
Махамбеттей хас ақындар қайдасың?!
Жауап осы!
Болмас енді жиі дау,
Көрдім күліп, жадыраған ағаны.
Әй, дегенмен, бәріне ұнау қиын-ау,
Кей ақынның түйіліпті қабағы…
Сөздің құнын қара түгіл, хан білмек,
Арманың не, парасатқа бай елім?!
— Тұр, шайыңды іш,
жұмысыңнан қалдың, — деп
Иығымнан жұлқылайды әйелім.
Қап, кешірек неге атпады мына ақ таң,
Әйелдің де оятқышын…
ой, Алла-ай.
Тәтті түстен арылдым мен, жұмақтан
Хауаға еріп шығып кеткен Адамдай.
Бірақ ойым жамандықты қуады,
Әлгі түсім өңге айналар секілді.
Жорытпақ ем, жан жоқ аузы дуалы,
Сосын іште қалдыруға бекіндім…
Ай, ақыным, неге сонша тістендің,
Ішінде қап жүрсің бе көп егестің?
Шаршап жүрсең, сен де осындай түс көргін,
Сәл ертерек оятпасын тек ешкім…





Пікір жазу