02.09.2022
  160


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

ҚЫЗ-КӨКТЕМ

Ішіп ап мас болғандай жігіт қымыз,
Ақтөбенің көктемі — қылықты қыз!
Қылықты қыз үйден тез шыға қоймас,
Мұны қалай, жігітім, ұмыттыңыз...
Кейде түсіп кете ме, күдігі алға,
Әйтеуір, себеп тауып құбыларға.
Бірнеше күн қабағын ашпай қойса,
Амал қанша, қызға тән қылық — ол да.
Естілгенде түздің де, құздың да әні,
Көңілдегі ери ме мұздың бәрі?
Әп-сәтте жылап қалар...
(Ештеңе етпес,
Жыласа, тазарады қыздың жаны).
Күнге айналып, алқызыл гүлге айналып,
Көңілі бір-ақ сәтте бүрлей қалып.
Бірдеңені іздейді аласұрып,
Нені іздейді, өзі де білмейді анық...
Бір ашу алқымымда тұншығады,
Сезсе ару одан әрі қырсығады...
Білерім, қыз мінезі — өткінші бұлт,
Бұлттан кейін күлімдеп Күн шығады.
...Қос жанары жарқырап шамдай жақұт,
Жүзіне шыққан алау қанды ойнатып.
Үздіктірген, уыздай Көктем-Ару,
Құшағыңа енген сәт қандай бақыт!





Пікір жазу