02.09.2022
  92


Автор: Бауыржан Бабажанұлы

КӨКТЕМ. ӨЛЕҢ

Көктемнің айтты жайын бар,
Тізбегін құстар бұзбай кеп.
Бүр жарды кенет қайыңдар,
Бойжеткен биыл қыздай боп.
Жан-дүниең қайтіп түлемес,
Сүюдің балын татқанда ой.
Өріктің гүлі гүл емес,
Көктем-қыз жазған хаттар ғой...
Сезімге, бұл сәт, кім ие,
Беймаза бір күй тапты ойлы ұл.
Тал ғана емес, дүние,
Көңілдер гүлдер шақ қой — бұл!
Аруға, анау, арна жыр,
Болмайды ол, сірә, кетәрі.
Жүрегі оның дәл қазір —
Бәйшешектердің отаны.
Жұпарын шашып бау-бақ та,
Дүркірер кез ғой, дүркірер,
Жөнеліп жатыр жан-жаққа,
Ақсүйек іздеп күлкілер...
Табады дүр сөз тілерде ел:
«Көктемнің аты — Ізгі үміт!»
«Махаббат!» — дейді біреулер,
«Бақыт!» — дер біреу үздігіп.
Бақыттың аты-затына,
Сенбейтін жанмен дос емен.
...Көктемнің жазған хатына,
Жауабым менің – осы өлең!





Пікір жазу