02.09.2022
128
КӨКТЕМ
Салтанаты жарасып бұла көктем,
Ақ қайыңдар иіліп тұр әдеппен.
Жынды Желді жібердім, тілін тауып,
Қалқатайдың қал-жайын сұра деп мен.
Сарт еткізіп ауланың ергенегін,
Апыл-ғұпыл жөнелді ол «Мен дегенің...»
Алаңғасар мінезі бар демесең,
Нәті жақсы жігіт қой Жел дегенің.
Бір-біріне қызығып таңдай қаққан,
Құс оралып көліне шалғай жақтан.
Азан-қазан. Көл әлі алаңдаулы
Қай құс екен кешігіп келмей жатқан?
Бұлт артына Күн сұлу кеп тығылып...
Тентек жаңбыр салып-ақ кетті бүлік.
Су-су болған бір топ қыз сыңғырласа
Қозғалақтар көрші шал, жөткірініп...
Шартылдаса аспан жақ сең жүргендей,
Ниетінен бұлттардың шөл гүлдердей.
Марқаясың, мәз болып, мына өмірде
Күз дегеннің барына сенгің келмей.