02.09.2022
  388


Автор: Аманжол Әлтаев

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН ДИДАР ҚАМИЕВ АЙТЫСЫ

Аманжол:
Сарыарқа сәлем жолдап атпал белден,
Тілдестім Жетісудай мақпал төрмен.
Сағынып Алматымды келіп тұрмын
Елорда, Есіл тулап аққан жерден.
Ұлтқа өлең жолдаған ұлың едім
Өнердің арқасында Хақтан берген.
Ал енді «Ақжолтайлап!» көсілейін
Ай тұяқ арғымақтай сақтар желден.
Болат тұяқ бүркіттей серпілейін,
Самғаса қос қанаты аспан керген.
Абадандай жортайын ай астында,
Соқпағын тыңнан салып, ақ қар көрген.
Бас иіп, ардақ тұтып амандастым
Алатау төріндегі асқарлы елмен.
Өсірген қазақтағы сан дананы
Кім білмес Алматыдай паң даланы.
Гүл жайнатып 43 қала салған
Дінмұхаммед атамыз хан бағалы.
Шаһарлардың сұлтаны Алматы еді,
Сүйсіндіріп, таңғалдырған таң жамалы.
Алматының жетпесек бағасына-ай,
Екі Алатау бермейді Алла тағы.
Қонаев салған қала, аманбысың,
Қазақтың алтын орда, арда бағы!
Сақ пен Ғұн тамырдағы қаны текті,
Ғаламға түркі қаған әмір етті.
Жоңғар менен қалмақтан қорғап қалған
Бір Алла Абылайды алып етті.
Ел болып үш жүз жылын тойламадық,
Хандықтың ұлы жолын салып өтті.
Кешегі Алаштағы Әлихандар,
Ол да көсем еді ғой жаны текті.
50 жыл ел басқарған Дінмұхаммед
Ел басшысы болатын қабілетті.
Қазақ деген халықтың қамын ойлап,
Осынау тұлғалардың бәрі де өтті.
Димекеңнің жыр тойы құтты болсын
Жұртына пана болған ғаділетті.
Біз оңай жеткен жоқпыз азат таңға,
Талай мәрте соғылған қанат жарға.
Мың өліп, мың тірілген халық едік,
Қарасақ тарихтағы парақтарға.
Аштықтан талай қазақ қырылмап па ед,
Малыңды Голощекин санатқанда.
Қазақ қайта жылаған Колбин келіп,
Боздақтарды итіне талатқанда.
Дінмұхаммед атаның жақсылығын
Айту керек азаттық таңы атқанда.
Қазақты енді басқа ұлтқа билетпе деп,
Мың бір тілек айтамын Жаратқанға.
Шыққанда тәуелсіздік шың басына,
Қараймын Димекеңнің тұлғасына.
Қанағаттың мектебі – Димаш атам,
Алланың нұры түскен бір басына.
Жеребе екеумізді тауып беріп,
Жекпе-жекке шығарды-ау сауыт беріп.
Өзім өскен желінің құлыны едің,
Қасыма қосылдың ба шауып келіп?!
Ағам не айтады деп отырсың-ау,
Жаутаң-жаутаң қарайсың қауіптеніп.
Кавказдың би билейтін жігітіндей
Сол жағымда отырсың жарық беріп.
Ал енді тізгін бердім, сен сөйлеші,
Тіліңнен саумал өлең сауып беріп.
Дидар:
Әужеке, барады ғой шырқап үнің,
Сізге де болмады ма бір қадірім.
Тау халқының киіміне ұқсайды деп,
Шапанымды тартасыз жұлқа бүгін.
Кавказдың бауырына жіберсең де,
Қазақтың топырағында тұр тамырым.
Шешеннің киіміне ұқсаса да,
Қазақ әнін тұрады шырқап үнім.
«Казбек» деп аталатын шыңы бар ғой
Олардың Кавказ дейтін дүр тауының.
Ал маған Сарыарқада тұғыр болып,
Қасқайып Бұғылы мен тұр Тағылым.
Сондықтан тау халқымен шатастырма,
Қаракесек Арғынның ұрпағымын.
Казбектің бауырындағы шешен емес,
Қазыбектей шешеннің жұрнағымын.
Мына той талай жанды қонақ қылды,
Ақындар суырсын деп талап қылды.
Дауысымыз жаңғырып естілмеуде,
Осылай ісімізді олақ қылды.
Әкеліп Балуан Шолақ сарайына,
Ақындардың үнін де шолақ қылды.
Дүние, көрмесем де баяныңды,
Айтайын алдарыңа баяғы үнді.
Бұл айтыстың талабы өте күшті,
Ешбір ақын білмеді аянуды.
Келейін деп жүр едім дайындалып,
Бір жағдай тежеді ғой баяу ұлды.
Он екі мүшем түгел қарсы болып,
Барма деп үмітімді зая қылды.
Басым да бірден басын ала қашты,
Осылайша айтыстан ой арылды.
Аузым да жұмған аузын ашпай қойды,
Қатырып айтамын деп қай әніңді.
Екі қолым көтерді екі қолын,
Ұстамаймын домбырадай таяғымды.
Өкпемде өкпе артқан соң, өлең сұрап
Білмедім кімге алақан жаярымды.
Жүрегімнің жүрегі ұшып кетіп,
Баяғыдай соға алмай, баяу ұрды.
Бүйрегім де бүйрегін бұрмай қойып,
Көбейтті көнілдегі қаяуымды.
Әйтеуір ешбірі де бағынбады,
Қайсысына айтсам да қай әмірді.
Ақыры ешбіріне құлақ аспай,
Тартынып келіп тұрмын бар айылды.
Бұл айтыстың сиқыры бар еді ғой
Көлікті қып жіберер жаяу ұлды.
Қайтарда джиптың газын басасың деп,
Алдап-сулап әкелдім аяғымды.
Ағасын мына Дидар қош көреді,
Болған соң осы айтыстың өскелеңі.
Бұл келеген ақындардың барлығы да
Ермановтай маршалдың әскері еді.
Жаңа шыққан Мейірбек – жас лейтенант,
Әлі де ұға қоймас ештеңені.
Жандарбек пен екеуміз – жас капитан,
Ағасы, білесіз ғой беске мені.
Балғынбек пен Бекарыс майорлар ғой,
Бірін-бірі әрдайым дос көреді.
Сіз болсаңыз айтыстың полковнигі,
Бұл жағдай түсіреді еске нені.
Бас полковник Әлтаев ағасына
Жас капитан Қамиев честь береді.
Бірақта бұл айтыстың шарты басқа,
Дей алмаймын шеніңді ескереді.
Сіз айтыста кәрі арлан болған кезде,
Бауырың жаңа шыққан жас бөрі еді.
Қанша жерден полковник болсаң-дағы,
Бұл Дидарды демегін дес береді.
Аманжол:
Сыбанып шыққаннан соң білегіңді,
Үрей басып жүрмесін реңіңді.
Дидаржан, толғап-толғап айтып кеттің
Димекеңнің тойында тілегіңді.
Аяғыңды тыңдасаң сүрінесің,
Тыңдай біл ақылың мен жүрегіңді.
Құрметті Жүрсін деген маршал аға,
Мынаның екпінді екен аршыны, аға.
Дидар деген молодой капитаннан
Полковник рапорт алсын, аға.
Қылышты қынабынан суырғандай
Ақындар тыңнан соқпақ салсын, аға.
«Ақындар жаттап алад» деген сөздер
Бұдан былай ұмыт боп қалсын, аға.
Ақиық сар даланың қыраны едім,
Қанат жайып көрейін қаршығаға.
Өзің еккен бақшаның көк терегі,
Көрініп тұр көңіліңнің көктегені.
«Полковник Әлтаев» деп сәлем бердің,
Онымен меңзеп тұрсың көпке нені?
Өзіңдей КГБ-ның капитаны
Алтынбекті тауға алып кеткен еді.
Капитандар киллер боп кеткен заман,
Алатау содан бері кектенеді.
Әйгілі полковник Каддафидің
Түбіне капитандар жеткен еді.
Мақтамен бауыздағандай мақтап-мақтап,
Итере салмақсың-ау шетке мені.
Ал ендеше айтысып мен көрейін,
Төбемнен тастасаң да Көктөбені.
Қазағым, кем де емессің сүйікті ұлдан,
Ерлерменен қашанда биік тұлғаң.
«Полковник» деп көтердің шенімді сен,
Пейіліңе рахмет сый ұқтырған.
Полковник болса да батыр Баукең,
Генерал, маршалдардан биік тұрған.
Ерлерім ел сенімін ақтаса екен,
Қашанда ақиқатты жақтаса екен.
Шын генерал – Сағадат, Тоқтар, Мұхтар,
Солардай ерлігін ел мақтаса екен.
Шатасып Жаңаөзенде генералдар,
Өз халқына өзі оқ атпаса екен.
Мусаев, Әлиевтей қашып кеткен
Жалған генералдардан сақтаса екен.
Сөйлетсең тарих деген қарт абызды,
Алдыңа ашып салар картаңызды.
Кешегі «сексен алты» желтоқсанда
Қанатқан темір күрек арқамызды.
Жаңөзен оқиғасын естігенде,
Ауырып ел жүрегі, арпалысты.
Генерал, сержанты бар, майоры бар
Жаңаөзенде оқ атып, қан тамызды.
Өз әскері өз елін қойдай қырса,
Апыр-ау, кім қорғайды алты арысты?!
Ұлтыңның тілі емес пе ақын деген,
Ұлтыңның рухы ғой батыр деген.
Жүрегі қырық жамау қазағымды,
Ағалар, кім түсінер жақын сенен?
Халықты тоқтатпайды мылтықпенен,
Халықты тоқтатады ақылменен.
Дидар:
Түлеген Сарыарқадай хан тұғырдан
Жансыз ғой елді өлеңге тәнті қылған.
Полковникті құртқандар капитан деп,
Дауысыңыз естілді ғой алты қырдан.
Шетке мені итере салмақсың деп,
Сескенемін осы алған қарқыныңнан.
Мен сізді арлан ғой деп елестетем,
Апанға тығылмауды шарты қылған.
Төбелессіз бола ма той болған соң,
Аулақпын сондықтан да тартынудан.
Оның бәрі бірақ та әзілім ғой,
Қайтесіз қасыңдағы қорқып ұлдан?
Әніңменен сыйласып айтыса бер,
Алайын деп отқам жоқ алқымыңнан.
Балтырыңды қанатып не көрінді,
Інің боп сүйеймін ғой қолтығыңнан.
Алдыңда «бауырым» деп мәпеледің,
Өзімнің өнердегі көкем едің.
Көктөбе тастасаң да төбемнен деп,
Білмеймін сосын қайда жетеледің.
Мен сізге ондай қылық танытпаймын,
Білемін ғой бауырға не керегін.
Төбеңізге Көктөбе тастамаймын,
Керісінше төбеме көтеремін.
Әужекеңнің білемін мен де сырын,
Дейсіз ғой оңайлықпен жеңбес інім.
Қазақтың бас ақыны атандыңыз,
Жоқ екенін білемін теңдесінің.
Полковниктің барлығын мақтадың ғой,
Айтайын әңгіменің мен де шыңын.
Капитан да, ағасы, осал емес,
Олардың ұмытпайды ел де есімін.
Ұлы Отан соғысында ерлік қылған
Капитан Әбдіровтың жерлесімін.
Жанымда ағам барда демаламын,
Бұндайда тынысымды кең аламын.
Айтыстың атаманы өзің едің,
Ағасы, жете қоймас саған әлім.
Әй, бірақ «Ақыл – жастан» деген бар ғой,
Қасына жайғасайын мен ағаның.
«Атаманның ақырын» көріп пе едің,
Соны айтып тұяғымды тең аламын.
Полковниктер соңында жеңіледі,
Айтуға жетеді ғой оған арым.
Сондағы бас кейіпкер осында отыр
Өзі болып қазыда төрағаның.
Сондықтан полковникпін демей-ақ қой,
Осылай зәреңізді мен аламын.
Онсыз да түсіндіңіз деп ойлаймын
Атаманның ақыры не боларын.
Жақсы өлең шыға ма екен жан қысылмай,
Жырыма қалмаңыздар ал тұшынбай.
Қазаққа қырық қала салып кеткен
Көрінер Димекеңнің даңқы шыңдай.
Тойында дүбірлеген нар атамның
Кетпеспін теңіз-жырдан тамшы ұсынбай.
«Қырықтың бірі – Қыдыр» деген сөз бар,
Келе жатқан жақсылық жаршысындай.
Сол қырықтың біреуі – осы Алматы,
Алаштың асығының алшысындай.
Алыстан менмұндалап көз тартады
Қыдырдың қадап кеткен қамшысындай.
Кезекті Дидардайын інің алды,
Ағамен кез болғанда бүгін әлді.
Шенімді айтып сөйледің бір азырақ,
Халық та қыран-топан күліп алды.
Бұл күнде бәрін шешед тек көкелер,
Мұныңды Дидар інің біліп алды.
Демеп жүрер көкесі болғаннан соң,
Жандарбек Жас Отанға кіріп алды.
Осында кей ақындар айтыстағы
Жақсы қызмет көлігін мініп алды.
Менің де ағам, көрдіңдер, полковник,
Қасқайып дәл жаныңда тұрып алды.
Әужекеңнің бойында дауыл ма жыр,
Қасыңда Дидардайын бауыр да жүр.
Шеніңмен мақтанбаңыз бостан-босқа,
Тиеді көңіліме ауыр қазір.
Жұрттың болса көкесі көмектесед,
Оны да біледі ғой қауым қазір.
Менің ағам полковник болғанменен,
Бауыры күзетші боп ауылда жүр.
Аманжол:
Қонайдың шөбересі алып болған,
Маңдайы шұғылалы жарық болған.
Алдына көмек сұрап барған адам
Шапағат, қайырымына қарық болған.
Көп бастықтың байлығы – ақша, алтын,
Димекеңнің байлығы халық болған.
Әркім өз заманында хандық құрар,
Ақылы жеткенінше жарлық қылар.
Димекең төрт бөлме үйге сыя білген,
Ал қазір төрт қабатты үй тарлық қылар.
Бағынышты болғанмен заманға адам,
Тура жолдан таймайды табанды адам.
Димекеңе бұлт болып үйірілген
Колбинді қоқаңдатқан қабан заман.
Жендеттер үйін келіп тінтігенде
Заңсыз алған артық жіп таба алмаған.
Құдығынан су ішкен кейбір жандар
Тар кезде ши жүгіртіп жамандаған.
Жеке автокөлігі болмаса да,
Жетімге көмектесіп, алаңдаған.
Тарихта кемшіліксіз тұлға болмас,
Асқақ тұр, Димаш ата, бағаң маған.
Мұхиты Димекеңнің байтақ ақты,
Иман Әбілхаятын шайқамапты.
Партбюрода отса да иманды ойлап,
Ішінен Құран сөзін қайталапты.
Қалды Миша келген соң қиқар заман
Асыл ерді тағынан тайғанатты.
Үйін тінтіп, аларып, шүйліккенмен,
Ешкім оған «жемқор» деп айта алмапты.
Ішінен «Алла» демей, «ақша» дейді,
Байқасаң бүгінгі көп бай, манапты.


Өмірдің таусылғанда қағанағы,
Қайықтар қаңтарады жағадағы.
Димекеңнің қасында ел басқарған
Ұлтымның аз болмаған паналары.
Хрущевке жасқанбай қарсы шыққан
Қазақтың Тәшеновтей қара нары.
Ілияс, Өзбекәлімен руханияттың
Ешқашан ортаймаған сабалары.
Жас кезінен жетелеп Нұрсұлтанды,
Әуелі Дінмұхаммед бағалады.
Алматыны жайнатып гүлдендірген,
Аман бол, Кеңес аға арадағы.
Димекеңнің тұсында ел басқарған
Қазақтың, міне, осындай ағалары.
Сауытты сайлап киген сөредегі,
Ұл едім тұлпар мінген төбедегі.
Адырнаны тартқанда ән салатын
Мен деген – ақ қауырсын жебедегі.
Кей сәтте өзін-өзі бағаламай,
Қазағым сүндетсізді жебеледі.
Алтын жұлдыз тағардай Терещенко,
Апыр-ау, бітіріп ед неменені?
Мысалы, «Еңбек ері» деген атақ
Зимановқа берілу керек еді.
Алтын жұлдыз тағуға лайық тұлға
Асанәлі ағамыз керегелі.
Қасыңда жүрген кезде бағалай біл,
Қазағым, тау тұлғаңды кемедегі.
Сырластық Алатаудың жағасында,
Білесің Аманжолдың бағасын да.
Күзетші, жұмыс жоқ деп жүре берсең,
Жарылқап тастамайды-ау нағашың да.
Шымкенттің ГАИ-іне капитан боп,
Жұмысқа, Дидар інім, барасың ба?
Алты айда машина мен үй аласың,
Қолыңа ала таяқ аласың да.
Содан кейін үй болып үйленесің,
Шымкенттің бір сұлуын аласың да.
Өзбектің «КамАЗ»-дарын тоқтатасың
Ташкент пен Астананың арасында.
Жемістің көкесі боп жатпайсың ба,
Қарын сипап Арыстың жағасында.
Содан кейін өзің біл, айналайын,
Ауылға қайтасың ба, қаласың ба?
Көнбесең Шымкентке бар дегеніме,
Иланбасқа шара жоқ дегеніңе.
Таможник бола ғой онда, інім,
Капитан боп Қорғастың кеденіне.
Үш айда Көктөбеден үй аласың,
Күн сайын ақша толар шелегіңе.
Салық салып тұрасың 300 доллар
Қытай жақтан жүк тасып келгеніне.
Ойланатын боласың содан кейін
Жүрсіннің «айтысқа шық» дегеніне.
Дидар:
Бір серпілтіп тастады-ау ағам бойды,
Білмеймін, басқа жұмыс таба алмайды.
Шымкенттің барсын деп ГАИ-ына,
Өзінше бауырына алаңдайды.
Мені ол жаққа, ағасы, жібермеңіз,
Ол жерден Дидар пайда таба алмайды.
Өйткені намаз оқып, бір Құдай деп,
Ешқашан бұл бауырың пара алмайды.
Димашты үлгі тұтқан Дидар інің
Ешқашанда ондайға бара алмайды.
Болса егер бұл баланы көп қолдайтын,
Жан да емессің, ағасы, сақтанбайтын.
Қорғастың кеденіне бар деп айттың,
Жай емес бұл санаға жатталмайтын.
Жақында оның басшысы сотталып ед,
Бұл да бір жағдай ғой көп толғайтын.
Жанашыр ағам ғой деп сұрап отсам,
Бір жұмыс таппадың ба сотталмайтын?
Мен Аманжол ағамды түсінбедім,
Құдай-ау, өз бауырын отқа айдайтын.
Қолдаса қуат беріп, құлын Алла,
Дәл бүгін түгел болар құбылам да.
Қазаққа қырық жеті қала салған
Данышпан Димаш еді ұлың арда.
Бірақ бүгін жылмаңдайд кей жағымпаз,
Апыр-ай, адам өстіп құбылар ма?!
Неге солар есімін бір қаланың
Бермейді Қонаевтай ұлы нарға?
Елу қала сап кеткен Димекеңе
Бір қаланы бермедік, құрығанда.
Ал ана Петропавл, Павлодардың
Аттары ауысатын түрі бар ма?
Соның бірін атаса Қонаев деп,
Үкімет жолдарынан жығылар ма?
Орыстың әулиесін әулиесіткен,
Білмеймін көкелердің жыны бар ма?
Димекең бұл жер үшін терін төккен,
Еңбегінің жүк болар құны нарға.
Ал әлгі Петр мен Павел деген
Соншама елді ойлаған ұлылар ма?
Бас басына бір қала беретіндей,
Жерімде әкесінің құны бар ма?
Әрбір сөзі атылған зеңбіректей
Болмайды бұл ағамды елжіретпей.
Қайдағы жоқ жұмысқа жұмсадың-ау,
Өзіңізді көруші ем кең жүректей.
Қазір бір тендер деген термин шықты,
Естісе қалмайтұғын ел дір етпей.
Әкімдер осы күні жей алмайды,
Аудан мен қаласында тендер өтпей.
Бауырыңа тендер алып бермеймісің,
Ауылда бостан-босқа тентіретпей?
Аманжол:
Ер салған інім едің қарагерге,
Көсіліп шаппайсың ба дала-белде?
ГАИ-ге барсаңшы деп айтып едім,
Не жауап айтады деп бала кеуде.
Жарайсың, сынағымнан сүрінбедің,
Ол рас, елден пара ала көрме.
Димекең жолыменен таза жүрші,
Кір ақшаны қалтаңа сала көрме.
Шаруаң осы болса да келтірмеген,
Сен бала әуес болма тендерменен.
Жап-жас боп қалай әуес боласыңдар
Осындай пәлелерге ел білмеген?
Тендердің додасына сен түгілі,
Ана отырған Жүрсін мен мен кірмегем.
Тендерлердің құзырлы көкесі бар
Қоржынын буып қойған кендірменен.
Тоқетерін айтқанда, бастықтардың
«Бейресми айлығы» тендер деген.
Жырыңның жарқылдаған жасынымен
Құрдас бол болашақтың ғасырымен.
Тендер ұтқыш ешкімді естігем жоқ
Әзірге ақындардың нәсілінен.
Дидаржан, ойнауыңа рұқсат жоқ
Министрдің ойнайтын «асығымен».
Тендерлердің қаймағын қалқымайды
Ақындардың кішкентай «қасығымен».
Оларменен бәсеке бола алмайсың,
Әкімнің әуестенбе кәсібімен.
Біздердің тендер деген арманымыз,
Тендерсіз-ақ өтеді-ау жалғанымыз.
Ұсақ тендер алсақ та қуанар ек,
Алтын балық ілгендей қармағымыз.
Ақын деген халықтың өкіліміз,
Қаламсапқа арналған бармағымыз.
Есенғали, болмаса Қоғабаймен,
Тендер ап көрген жоқпыз қалғанымыз.
Бұл дәурен қайта айналып келмес, аға,
Қасымнан неге кеттің демес, аға.
«Тендер» деген бәлені білмей келген
Қандай бақыттысыңдар, Кеңес аға!
Хатшылар айлықпенен күн көретін
Уақыт бұл күндері елес, аға.
Тендердің шапкесінен аса алмайды
Бұл күнде көп әкімнің өресі, аға.
Храпунов секілді әкімдердің
Киттен де кең боп кеткен өңеші, аға.
Арал сатып алса да шетелдерден,
Ешкім де «қалай алдың?» демес, аға.
Осындай тендерлердің кесірінен
Бюджеттің сөгіліп тұр көбесі, аға.
Қазіргі әкімдердің ақша салар
«Накопилка» секілді төбесі, аға!
Күмбірлеп сөз сөйледім нұрлы белден,
Сұңқардай қос қанаты күнді керген.
Ал енді аман-сау бол, асыл елім
Қайраткер Димекеңдей ұлды берген!





Пікір жазу