02.09.2022
  112


Автор: Аманжол Әлтаев

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН НӘЗИРА МӘДІШЕВА АЙТЫСЫ

Аманжол:
Мұратыма бел буып мақпал төрден,
Ақ ордамды көтердiм атпал белден.
Түсiмде жiбек жалды тұлпар көрем
Алтын сауыт киiнiп сақтар желген.
Қарасам айлы түнде жұлдыз қызға,
Ғарыш жайлы ғаламат ақпар берген.
«Тыңнан соқпақ салсам» деп армандаймын,
Арланның iзiн көрiп ақ қарға өрген.
Қансонар сәттi аңсайды жұмыр жүрек
Аңшының құмайындай ақпанда ерген.
Ұлтқа өлең жолдаған ұлың едiм
Өнердiң арқасында Хақтан берген.
Еркелеп туған жерге келдiм жетiп
Елорда, Есiл тулап аққан жерден.
Бас иiп, ардақ тұтып амандастым
Жезқазған төрiндегi асқарлы елмен.
Тоқтаусыз жатса да күн парақталып,
Қол создым арманыма талаптанып.
Туған жер топырағында топқа түссем,
Кетемiн шабыт кернеп, абаттанып.
Өзiңнiң қыран баптар жылы ұяңнан
Ұшып ем балапандай қанаттанып.
Көктеммен бiрге жеткен жыл құсындай
Кеп тұрмын сағынышпен қанат қағып.
Сәбидей шомылдырған самалына,
Жер жетпес Сарыарқадай алабыма.
Ортаңа сүйiншiлеп оралушы ем,
Барсам да қай өңiрдiң алаңына.
«Құлыным, жолың болсын!» деп тұрғандай,
Қарасам Ұлытаудың қабағына.
«Алла жар! Ақжолтайлап!» сөз бастайын,
Ал, халқым, тiлеу тiле қадамыма.
Көргенде наурыз қызды жебе тартқан,
Қаhарынан айрылып шөгедi ақпан.
Ай мүйiздi көк қошқар жолға шықты,
Аманатын қабылдап берен аттан.
Үстiнен мұз сауытын шешiп тастап,
Өзендер өршеленiп терең аққан.
Ұлыстың ұлы күнi Қыдыр келер,
Таяғын тықылдатып төбе жақтан.
Қой жылы жарылқасын елiмiздi,
Наурыз той құтты болсын келе жатқан!
Дәм-тұзын татып едiм сан ауылдың,
Бiрi едiм дүбiр жарған жарау ұлдың.
Қасымдағы сұлуға бiр қарайын,
Япыр-ай, аруы екен қай ауылдың?
Баянның сiңлiсi емес пе екен,
«Төрiнен келдi» дейдi Қарауылдың.
Кешегi серiлердiң салтыменен
Мәнi бар қыз жүзiне қарауымның.
Қаншайымға кездескен Наурызбайдай
Қасына тақалайын алауыңның.
Алтайдың уылжыған жидегiндей
Iшiн бойлап барасың танауымның.
Ақын қыз қасымдағы сыр аңдасқан,
Көркiңдi көрген жiгiт қылар дастан.
Ордалы Шыңғыстаудан келдiң мұнда
Құшағын мейiрленiп Тұранға ашқан.
Сөйлейiк кезек-кезек ендi екеумiз,
Секiлдi көкте ай мен күн алмасқан.
Жұлдыздан шашу шашсын жолыңызға
Күннен алқа тағынған тұмарлы аспан.
Саған деген жазира көңiлiм бар
Арқаның даласындай құлан қашқан.
Демiңнен сенi тауып алар едiм,
Жолменен жүрсем-дағы тұман басқан.
Етек-жеңi жинақы қыз екенсiң
Жұп-жұмыр жұмыртқадай ұлар басқан.
Қансонарлы сәтiмде кездестiң-ау,
Алтайдың түлкiсiндей қыран басқан.
Нәзира:
Аманжол осал ұл емес,
Тұлпардың iзiн жоқтатар.
Терiс мiнез менде жоқ
Жүйрiктi жолдан тоқтатар.
Шегiп едiң көп сапар,
Мақтаумен алды орайсың,
Көптi көрген көксақал.
Алқалы жұртым, армысың,
Аяулы ардақ елiм ең.
Ақ жаулықты анам, бармысың,
Көнекөз қарттар – шежiрем.
Ержүрек ерен ұлдары,
Қыздары көркем шетiнен.
Тарихыңды тауыса алман,
Қозғасам әрi-берiден.
Жолбарыс жортқан жонында,
Сарыарқа, сандал белiм ең.
Бас иiп сәлем беремiн
Ұлы Абайдың елiнен.
Бойда қуат, ойда көз
Барында жырлап қалайық.
Өрелiге өлеңмен
Өзгеше бiр ой салайық.
Айдарыңнан жел есiп,
Асқар таумен теңесiп,
Ақылдасып кеңесiп,
Шырқатып әнге салайық.
Ағаның Арқада жоқ бөтен елi,
Алайда Астанаға төтеледi.
Ақындар Астанаға кеткен кезде
Әкiмдер ауылды қайтіп көтередi?!
Аманжол:
Жанарың көздерiндей құралайдың,
Жүзiндей нұрлы екенсiң туған айдың.
Тоғжандай көрiктi қыз екенсiң
Жүрегiн жаулап алған ұлы Абайдың.
Ақындық мұратымды далам ұқты,
Перзенттiк жүрегiмдi анам ұқты.
Көксақалға теңеме қателесiп,
Қазақтың жiгiтiмiн қара мұртты.
Қалғыған жазғы түнде ай көрiнген,
Кездестiм сырласуға сай керiммен.
Ордалы отыздағы бек шағымда
Сақалды көрiп тұрсың қай жерiмнен?
Айдай сұлу Нәзира жанымдағы,
Қарайсың ханшайымдай тағындағы.
Сәулетiңдi сипаттап мен көрейiн,
Тiлiмнiң күшi жетсе жағымдағы.
Екi бетiң қызарып көз тартады
Алмадай ұжымақтың бағындағы.
Қос бiлегiң түп-түзу әппақ екен
Қайыңдай ақ найзаның сабындағы.
Абайлап қарағанға меңiң қандай,
Белгiдей кербұғының санындағы.
Ақ жүзiңнiң ажары ашық екен
Жарық нұрдай орданың шамындағы.
Бешпентiңнiң оюы нәзiк екен
Тамырдай боз қулықтың таңындағы.
Әуеден ұшып жүрiп қаз құлатқан,
Қоңыраулы сұңқармын бабындағы.
Тұсыңнан жел тұрғызып қанат қақсам,
Құландай үрiкпессiң қағыңдағы.
Қасыма келген қыздан құр қалмаймын,
Қызыл қанды қоздырып тамырдағы.
Келгенде Нәзира қыз жолын бұрып,
Сабырмен сөз жолдайын қонымды қып.
Алғаш рет кездестiк бiз екеумiз,
Сарайдың құтты төрiн орын қылып.
Толықсыған сұлумен тiлдескенде,
Кетедi шабыт шалқып, жоным жiбiп.
Кеңгiрдiң жағасына алып барып,
Шiркiн-ай, алар ма едi шомылдырып?!
Жолымыз Жезқазғанда тоғысты ашық,
Жатырмыз қатар келiп қоныстасып.
Лақтыршы ақсүйектi, Жүрсiн аға,
Iздейiн Нәзирамен қол ұстасып.
Нәзира:
Өлеңнiң майын тамызып,
Аманжол аға айтады.
Шомылдырам деп Кеңiрге,
Сезiмнiң көлiн шайқады.
Аяулы қыздың қадiрiн
Тұлғалы жiгiт байқады.
Өмiрдiң сырын ұққан жазиралы,
Қазақтың бiр қызы едiм ар-ибалы.
Кеңгiрдiң мұзы әлi ерiмептi,
Тоңдырып алмайсыз ба Нәзираны?
Аманжол:
Жүргенде алдаспандай бiз қайралып,
Келдiңiз Шыңғыстаудан сiз сайланып.
Жолыңды тоса-тоса қайран Кеңгiр,
Кетiптi-ау сағыныштан мұзға айналып.
Қайтадан су қалпына қайтып келер,
Ақырын шешiнгенше қыз жайланып.
Нәзира:
Ғибрат бар нақыл сөздiң жүйесiнде,
Тыңдасам тылсым ойды түйесiң де.
«Қырдағы қырғауылды аулаймын» деп,
Зар болма үйiңдегi тиесiге.
Көңiлi жүйрiк аттың болғанменен,
Тiзгiнi үстiндегi иесiнде.
Алдыңда бүгiн ән салды
Қыз бенен арыс ұл шығып.
Биiктерге жол салды,
Жетемiн деп құлшынып.
«Елiм, аман бол!» десең,
Жасаймын оған құлшылық.
Менi ертiп барғанмен,
Толқынына Кеңгiрдiң
Қалма өзiң тұншығып.
Аманжол:
Салтанатпен өткiзген iзгi күндi
Сал Бiржан жалғасымыз бiз бүгiнгi.
Тектi ұл тебiренбей тұра алар ма,
Елеңдеп естiгенде сырлы үнiңдi.
Азаматын бағалар менiң жарым
Тартпайды ешқашанда тiзгiнiмдi.
Күлiмдеп күткендейсiң бiзден үмiт,
Қалмайын iштегiнi сiзден бүгiп.
Кеңгiрдiң толқынына тұншықпайды
Сарысудың тереңiнде жүзген жiгiт.
Қадишаға ән салған Ақандаймын,
Қыз келгенде үйiмде жата алмаймын.
Өлеңнiң кiлем жапқан аруанасын
Нәзира қарсы алдыңнан қатарлаймын.
Ақ кемедей жүзермiн айдындағы,
Каспийге жiберсең де бата алмаймын.
Дария ақ кеудеңдi жасырар ед,
Құмарың еркiн жүзсең басылар ед.
Кеңгiрдiң тiзбектелген толқындары
Еркелеп мойыныңа асылар ед.
«Ағасы, тоңып қалдым» дегенiңде,
Қолымды созар едiм қасыңа кеп.
Қазақтың қасиеттi қасқа алаңы
Қаңырап қалай ғана бос қалады?!
Нарықтың жоқтық дейтiн құбақаны
Арқасын ауыл қарттың таспалады.
Жер-Ана жаулығымен сүртсе-дағы,
Мөлтiлдеп жанарында жас қалады.
Мемлекеттiң мерейiн биiктету
Ауылды көтеруден басталады.
Ауыл деген анаңа қарайлай жүр,
Қазақтың ел басқарған қасқалары.
Нәзира:
Ауыл десе ағаның,
Асыл жыры терiлер.
Туған жер десе теңселiп,
Көкейден өлең өрiлер.
Қолға алсақ бүкiл халық боп,
Ауылым биiк көрiнер.
Ауылда жүрген бiздерге
Күннiң нұры себiлер.
Қалада жүрген сiздердей
Ақ саусақ аға не бiлер?
Аманжол:
Ақпанның iз кескенмiн ақ қарында,
Ауылда өткен балғын ақ таңым да.
Менiң бала кезiмнiң елесi бар
Туған жердiң шежiре қатпарында.
Ауыл жайлы аз емес бiлетiнiм,
Нәзира, өскен ұлмын ат жалында.
Кiндiгiн туған жерге кескен ұлмын,
Күз күзек, жаз жайлауға көшкен ұлмын.
Боз жусанның үстiнде асыр салып,
Кәдiмгi киiз үйде өскен ұлмын.
Өмiрдiң тоқсан тарау жолдарында
Ауыл менiң қазығым, қорғаным да.
Қарындас, осы сөздi терең түсiн,
Айыр, күрек iзi бар қолдарымда.
Өшпейтiн ғасырлар мен шағын жылда,
Бабалардың iзi бар сағым қырда.
Халық барда болмайды мұрагерсiз,
Кездестiң сен де бүгiн жалынды ұлға.
Жарты сағат айтысып Нәзирамен,
Шомылғандай болдым-ау жаным нұрға.





Пікір жазу