02.09.2022
  226


Автор: Аманжол Әлтаев

АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ МЕН МАРЖАН ЕСЖАНОВА АЙТЫСЫ

Аманжол:
Тұмарлы тұлпарым ең кермедегi,
Ал, көсiл, шабытымның кер дөненi.
Алпыс екi тамырды исiндiрсiн
Бүгiнгi ақындардың нәрлi өлеңi.
Түйiлiп топқа түскен дүлдүлдерге
Аруағы Махамбеттiң дем бередi.
Жарқылдап алдарыңа қайта шықтым,
Халқымның ақ жүрегiн тербегелi.
Қазағым, ұлт емессiң қаның сұйық,
Сондықтан жаныңнан да арың биiк.
Азаттықтың жолында ер Махамбет
Күрескен бодандықпен жанын қиып.
Ұлт рухын оятқан ат үстiнде,
Кiсiнеген күреңнiң жалын түйiп.
Белiмдi бекем буып мен де келдiм,
Болсын деп басымдағы бағым биiк.
Өлеңнiң құралайын өргiзейiн,
Қырқадан құлағандай қалың киiк.
Айтыспен ауыз ашқан мұсылманға
Жырымның ұсынамын балын құйып.
Жетсем деп азаттыққа дара күткен,
Патшаға жүре алмадың қаналып сен.
Бұл күнде Исатайдай ерлер қайда
Iнiнi соңына ертер ағалықпен?
Алтыбақан ала ауыз болмасын деп,
Күрестiң ел iшiнде алалықпен.
Әлi де талай ұрпақ санасына
Махамбет сәуле шашар даналықпен.
Ер салып ұлы өнердiң тарланына,
«Ақжол!» деп қадам бастым арманыма.
Өмiрдiң мен бастаған өнер жолы
Шығарар деп сенемiн заңғарыма.
Жайғасқан Фатимадай маң-маң басып,
Шымкенттiң сәлем бердiм Маржанына.
Адамға ғадiл жарлық Хақтан шығар,
Бойымдағы тектiлiк Сақтан шығар.
Ұрпағы еске алғанда, Махамбеттiң
Аруағы тебiренiп жатқан шығар.
Ақтабан, Тарлан болып қайта туған
Байбөрiнiң баласы шапқан шұбар.
Халық деген – күн сүйген Хан Тәңiрi,
Ал ақын – басындағы жапқан шынар.
Ұлытау тiлеу тiлеп тұрады екен,
Қанатын көкке қарай қаққанда ұлар.
Маржан-ау, оңтүстiктiң нар қызы едiң,
Өлеңмен кеудесiне таққан тұмар.
Наркескен Махамбеттей асыл ұлды
Өзiңдей алып ана тапқан шығар.
Маржан:
Жақсы өлең, түнде ұйқымды ұрлап едiң,
Кеудеме айдын көлдей тұнған едiң.
Бас иiп Махамбеттiң аруағына,
Әдейi аттың басын бұрған едiм.
Үкiлi үмiтпенен мен де келдiм,
Армысың, Алатаудай тұлғалы елiм!
Бақыттың басымызға жеткендiгi –
Аспаннан бiзге нұрын сепкен күнi.
Махамбет, Исатайдың барлығы ғой
Дүбiрлi осы айтыстың өткендiгi.
Тiлеймiн ұзақтығын сапарыңның,
Бұл күнде алды болдың қатарыңның.
Дүбiрлi осы айтысты жасап жатқан
Мың жаса. партиясы «Отанымның!»
Ақынның сөзiн ендi тоспаңыздар,
Ағайын, ақиқаттан қашпаңыздар.
Сөзiне Аманжолдың ерiп кетiп,
Бiр сағат бұрын ауыз ашпаңыздар.
Жаңадан бiр қыз ендi отауына,
Қосылған ақындардың қатарына.
Сен менi Фатимаға теңеп кеттiң,
Риза боп Қаншайымның атағына.
Маржандай бiр шаңырақтың бәйбiшесiн
Теңеме Жәңгiр ханның тоқалына.
Аманжол:
Жақсы ақын ел сенiмін ақтай бiлер,
Бәйгеге жүйрік атын баптай бiлер.
Кешегi Сүйiнбайлар дәстүрiмен
«Аллалап» алға қадам аттай бiлер.
Құрмадай Аманжолдың дәмдi жырын
Бiр сағат «тіл астында» сақтай бiлер.
Маржан қыз, келбетiңiз нар анадай,
Сөзiмдi айтқаным жоқ шамаламай.
Төрт-бес тiлдi меңгерген Фатиманы,
Шамасы, отырсың-ау бағаламай.
Тарихта таңдап сүйген тоқалдардан
Бағалы ұлдар туған баданадай.
Атамыз алты сұлу алса-дағы,
Барлығын тең ұстаған алаламай.
Жiгiт ем жырдан мүсiн соға бiлген,
Сондықтан тiл қатпаймын олақ үнмен.
Бабалар таңдап сүйген топ аққулар
Тiзбектелiп айдынға қона бiлген.
Аяулы Домалақтай асыл қыздың
Бағасын Бәйдiбектей дана бiлген.
Ақылды, парасатты, ардақты қыз
Ордаға өз ырысын ала кiрген.
Домалақтай анамыз тоқал түгiл,
Елiмiздiң анасы бола бiлген.
Айдай сұлу арулар мархабатты
Ақылмен бағындырған шартарапты.
Ормандай орта жүзге ұран болған
Бiлерсiң асыл ана Қарқабатты.
Ұмайдың үлгiсiндей сол анамыз
Еңселi ердiң жүгiн арқалапты.
Қазыбек, Алшынбай мен Мәдилердей
Артынан ұрпақ өнген нар талапты.
Осынау дүниеде түйiнi өктем,
Аналар бұл пәниде биiк өткен.
Қабырғадан жасалған Хауа ананың
Менiң Адам атама сыйы жеткен.
Ұлы Абай Әйгерiмiн тоқал демей,
Өмiрлiк ғашығым деп сүйiп өткен!
Қазақтың қыздарының ары мықты,
Тамырында тулаған қаны құтты.
Арыстандай ерлердiң ошақ оты
Тек арудың қолымен жағылыпты.
Еңселi ел бастаған Есеней де
Ұлпанның ақылына бағыныпты.
Сондықтан да тоқал деп жiктемейiк,
Қазақтың қыздарының бәрi мықты.
Маржан:
Жоқ едi қиыс кетер бұзықтығың,
Шықтың-ау тоқалдарды тiзiп бүгiн.
Аманжол бiр құрдасым болғаннан соң,
Ағайын, жасайыншы қызық бүгiн.
Аманжол, ел мен жұртты неге алдайсың,
Мен сұрақ берсем, жауап бере алмайсың.
Керiлген Ақмаралдай бәйбiшең бар,
Мен қазiр айтсам соны сене алмайсың.
Тектiнiң бәрi тоқал болып жатса,
Аманжол, бiр тоқалды неге алмайсың?
Аманжол:
Бақыты ер жiгiттiң баста емес пе,
Түркiнiң шежiресi таста емес пе?!
Даналықтың белгiсi қарияда,
Қайсарлықтың белгiсi жаста емес пе?!
Уақыт өз билiгiн жүгiзедi,
Мойныңды бұрсаң-дағы босқа елеске.
«Бiр тоқал неге алмайсың?» деп айтасың,
Абайлардың заманы басқа емес пе?!
Арулар ана болған алыптарға,
Анадан асқан шуақ, жарық бар ма?
Бауырына баспаса аққу-ана,
Көгiлдiр көк аспанда қалықтар ма?
Осынау дөңгеленген дүниеде
Қазақтай қыз сыйлаған халық бар ма?
Анасыз аспанымыз күнсiз едi,
Арусыз Жер-Ана да гүлсiз едi.
Адамзат, бас имеуге хақымыз жоқ,
Бар адамның анасы бiр қыз едi.
Алтын таққа отырған Томирис те
Билiк құрған елiмнiң дүр қызы едi.
Қос батыр – Әлия мен Мәншүктер де
Шығыстың қатар жанған жұлдызы едi.
Осындай ару қыздар қазақтағы
Қыздардың мықтылығын бiлгiзедi.
Артында асылдардың соқпақ қалған,
Арнасын асау толқын тоқтатпаған.
Ортамызда отырған Шәмшә апамыз
Заринадай қыздарды жоқтатпаған.
Маржан:
Ақынның кездескенде еренiне,
Өткеннiң көз салайын дерегiне.
Аманжол, аналарды айтып өттi,
Тарихтың бойлағандай тереңiне.
«Тоқалды ертең алам» демегесiн,
Құрдас-ау, сұлу сөздiң керегi не?
Ақындар бiрiн-бiрi шыңдамай ма,
Сұлулық көздiң жасын ұрламай ма.
Зiлзала болып өттi Жамбылымда,
Бардың ба, ал осыны бiр деп ойла.
Таңғалмай Жәңгiр ханның тоқалына,
Ақындар осындайды жырламай ма?
Сен өзi көкпар тартып көрiп пе едiң,
Шапқылап жiгiттердей қырдан ойға?
Түрiң бар жел тимеген, күн тимеген,
Сұлулық, айтшы, кәне, тұр ма бойда?
Ақ саусақ боп дәл бұлай отырмас ең,
Қыш құйып, кесек тартсаң Луговойда.
Аманжол:
Iшiне Аманжолдың үңiлiңiз,
Маржан қыз, сәл кiшкене бүгiлiңiз.
Өмiр деген тұрады үмiттерден,
Сондықтан ақиқатқа жүгiнiңiз.
Бұралтып алып келсең мен алайын,
Бар болса сұлу қайын сiңiлiңiз.
Құлақ түр перзентiңе, қасқа ғалам,
Жүректе сырларым көп бастамаған.
Шашубай, Қайыптардың жалғасы едiм
Артына арзан өлең тастамаған.
Қаратау тiтiркенiп теңселгенде,
Амандығын тiлеген аспан-анам.
Зiлзала болған кезде Луговойда
Мол көмек жөнелткенбiз Астанадан.
Кей кезде ақиқаттан алыстадың,
Дегенмен бiраз жерге қарыштадың.
Есiңде ме жалынды он сегiзде
Өзiңмен бойдақ болып танысқаным?!
Ол кезде сылаңдаған сен де қызсың,
Есiмде сахнада жарысқаным.
Мұнар, мұнар, мұнар күн, мұнарда күн,
Ақынның алыстатқан құлан бағын.
Тағдырлы қазағымның қамын ойлап,
Белгiлi қолға найза, ту алғаның.
Күлтегiн, Едiлдердiң дәстүрi едi
Қылышты қызыл қанға суарғаның.
Исi түркi жұртының айбары едiң,
Айға қарап керiлген құба арланым!
Жетiмнiң көзiндегi жасты көрiп,
Ереуiл атқа ер салмай тұра алмадың.
Марғаулардың намысын оятсам деп,
Қазақққа «Жұмыр қылыш» күй арнадың.
Ықыластай сатқындар бүгiн де бар,
Батырдың аңдып жүрген құлар жағын.
Алаштың көсемдерi атылғанда,
Қызғыш құсты еске алып қуарғанмын.
Одан соң сексен алты ызғарында
Шегiрдiң тағы көрдiм шұбар жағын.
Талай мәрте ботаңды өлтiрсе де,
Бозiнген, аруана ұлтым, суалмадың.
Тар ноқтаны шешсе деп көп боздадың,
Еркiндiкке жеткенше уанбадың.
Елбасы нұрлы жолы ұзақ болсын,
Бабаның орындаған ұлы арманын.
Хан Кене, Махамбеттер арқасы ғой
Азаттық алып бүгiн қуанғаным.
Маржан:
Әкелдi он сегiзге елiм мені,
Анамыз таппаған-ау тегiн менi.
Жiгiттiң он бес жылға шегiнгенi,
Ағайын, деп ойлаймын жеңiлгенi.
Шықты ғой тоқалдың да бiр керегi,
Ойыңа осыны алып жүрсең едi.
«Бар болса қайын сiңiлiң, бер», – деп айтты,
Сөз салып жүрегiме жыр себедi.
Атақты алты алаштың Аманжолы
«Қыз таппай қалды» десе, кiм сенедi?
Бiздердей замандаспен сырласасың,
Әзiлдеп болашаққа бiр басасың.
Көтерген құрдасының көңiлiн көкке
Алаштың Аманжолы мың жасасын!
Жақсы ғой сырласатын ағаң болса,
Қазағым, биiк едi бағаң сонша.
Бiз кейде мықтыларды көре алмаймыз
Өз тегiн тани алмас жамандарша.
Балтаны Құлагерге сiлтей салып,
Жүремiз жүрегi жоқ адамдарша.
Абайды сабағаның естен кетпес,
Жылдар менен өтсе де заман қанша.
Әз басын Махамбеттiң бiздер кестiк,
Ағайын, ақиқат қой, амал қанша?
Бірлік жыр, арқау болсын әнiмiзге,
Мұндай күн туа берсін әлi бiзге.
Тектiсiн тым алыстан танитұғын
Тiлеймiн қырағылық бәрiңiзге.
Аманжол:
Арқамда ұлы өнердiң құтты жүгi,
Шығыстан ару күннiң шықты нұры.
Бетiме жел тимесе, күн тимесе,
Үйiмдегi жарымның мықтылығы.
Көрiң жақын тұрса да төрiңнен де,
Не жетсiн шындықты айтып өрiлгенге?!
Ерлерiм безiнбесiн елiмнен де,
Қызғыш құс безiнбесiн көлiмнен де.
Исатайдай ер қайда қабақ шытпас,
Қабырғасы бiртiндеп сөгiлгенде?
Түркi рухы тапталды хан Кене мен
Кейкiнiң ғазиз басы бөлiнгенде.
Махамбеттей ерлердiң алтын басы
Олжа бола бере ме көрiнгенге?
Болғанда түркi жұрты тегiм менің,
Қаймығып қарыс жерге шегiнбедiм.
Патшаның көп әскерi келмегенде,
Тарланым, өз күшiңе сенiмдi едiң.
Шен берiп, старшын ғып сайласа да,
Билiкке құмар болып семiрмедiң.
Бiлемiн қалың елдiң қайғы-мұңы
Күйзелтiп қабырғаңды кемiргенiн.
Шонжардың зәре-құтын алған талай
Тақымдап көк бестiнi тебiнгенiң.
Ақын түгiл, Алашқа қайғы әкелдi
Қимылы Ықыластай елiрменiң.
Әз басың иығыңнан бөлiнгенде,
«Қазақ» деп қимылдапты-ау ерiндерiң.
Тәуелсiздiк ем болып жазбағанда,
Шемен боп қатып қалған шерiм менiң.
Махамбет намыс үшiн жаққан отты
Өшiрмей, боздақ Қайрат, сен үрледiң.
Ақын тойын тойлады бүкiл әлем,
Империя мойындады жеңiлгенiн.
Асылдың басы түгіл, бiр тал шашын
Дұшпанға бере көрме, елiм менің!
Хан, сұлтан басынғанда қырсығулы,
Халқыңа қорған болдың күрсiнулi.
Қасыңдағы серiгiң ер Исатай
Қылышын өзiңменен бiр суырды.
Исатайдан айырылып шерленгенде,
Деп едiң «бiздiң елдi қырсық ұрды».
Бәйтерек ерлерiмдi құлатқанмен,
Қара жер қайта өсiрдi бүршiгiңдi.
Мұнарлы қара бұлтты сырып тастап,
Бүгiн қайта бастады күн шығуды.
Дәуiрде бiр туатын Махамбетiн
Азат күнде тұтады ұлтым үлгi.
Маржан:
Дәстүрiм жасай берсiн көнермей-ақ,
Ұлы айтыс мың жасайды дегендей-ақ.
Әйелiн үйiндегi мақтады ғой,
Мен қазiр тоқал әкеп берердей-ақ.
Айтысты аяқтауға таяулымын,
Жүзiңнен көрмейiншi қаяулы мұң.
Ерлiгiн бабалардың жалғастырар
Көп болсын Аманжолдай аяулы ұлың.





Пікір жазу