02.09.2022
  154


Автор: Аманжол Әлтаев

БАЯНҒАЛИ ӘЛIМЖАНОВ ПЕН АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ АЙТЫСЫ

Баянғали:
Жер шоқтығы – Көкшеден
Көл үлкені Балқаштың
Даласына бір сәлем!
Осы тойға кеп отқан
Ата менен ақ шашты
Анасына бір сәлем!
Облысыңның басшысы
Камалтиндай ағамыз,
Алтын тонның осында
Жағасына бір сәлем!
Тоқтар батыр ағадай
Ағыбайдың бүгінгі
Жалғасына бір сәлем!
Алдыңызда әлгінде
Мың бұралып ән салған
Баласына бір сәлем!
Өткен бір күнді ойласаң,
Жаралы болды жан неге?
Қаралы болды хал неге?
Зарлы болды ән неге?
Төгілді судай қан неге?
Азаттық деген – ұлы арман,
Қол жеткізбес емес қой
Алданатын әрнеге.
Түйінін бұғау шешем деп,
Шешілмесе кесем деп,
Азаттық үшін алысып,
Армандап өткен бабалар –
Жасындайын Наурызбай,
Ақжолтайың – Ағыбай,
Кемел ойлы хан Кене.
Орындалған секілді
Атадан қалған ұлы арман.
Барлық қазақ бұл күнде
Айналып қана кетпей ме
«Ағыбай» деген ұраннан?!
Қарағанды, Жезқазған,
Кең Балқаштың ұлы елі,
Мың рахмет айтамыз,
Ағыбайдың тойында
Ұран салып, ту алған,
Томдап кітап шығарған.
Аманжол, құтты болсын кітабыңыз,
Айтыста талай-талай бұрқадыңыз.
Ғалым боп атаң жайлы кітап жазып,
Бір жаңа биікке енді шырқадыңыз.
Кітабың құнды болып, айналайын,
Мәңгілік мұра қылсын ұрпағыңыз.
Ойлап бір, шіркін, қарасаң,
Абылайдың нәсілі,
Азаматтың асылы –
Бекмаханов Ермұқан,
Кенесары, Наурызбай,
Ер Ағыбай жайында
Келісті кітап жазғанда
Ер парызын атқарып,
Сол үшін кеткен сотталып.
Жығылғанға – жұдырық,
Жабылып біз де даттадық.
Есенберлин Ілияс
«Көшпенділерді» көркейтіп,
Келістіріп жазғанда,
Лениндік сыйлық аларда
Мейманасы тасқан Мәскеуге
Вагон-вагон арыз боп,
Бақа-шаяндай қаптадық,
Жабылып сонда даттадық.
Өлтіріп алып екеуін,
«Арысым» деп жоқтадық.
Естімес жерге кеткен соң,
«Рухани ерлік жасаған
Данышпаным» деп мақтадық.
Ойланып тұрып қарасаң,
Қайран менің қазағым,
Қайшылығы неткен көп халық?!
Сол секілді, ағайын,
Өкініп қалмай күні ертең,
Атасы жайлы қос кітап
Жазып келген бұл тойға
Аманжолдай балаңды
Қол соғып, қане, мақталық.
Аманжол:
Көкшенің құлжа ойнаған асқарында,
Ақиық қыран ұшқан аспанында.
Манас пен Қобыландының рухы бар ед
Баянғали ағамның дастанында.
«Ау, ау», – деп екі мәрте айғайладың,
Байеке, оныңыз не, сасқаның ба?
Ақын деген қазақтың ырысы еді,
Ал батыр қылшылдаған қылышы еді.
Ақын менен батыры бірге болса,
Ұлтымның тарылмаған тынысы еді.
«Ау, ау», – деп екі мәрте айтқаныңша,
«Ақжол!» деп ұрандаған дұрыс еді.
Сапарға «Ақжолтайлап» аттаныппын,
Ақауыз, Көкбестідей баптаныппын.
Жырымды қарашаға арнап айтып,
Халқымның табысына шаттаныппын.
Қынаптан қылыш шығып үлгергенше,
Тоқтамға келтірер сөз ақтарыппын.
Жігіттің пәнидегі салтанатын
Көне ғұн мен сабырлы сақтан ұқтым.
«Алла жар!», «Ағыбайлап» сөз бастайын
Алдында қазақ деген мәрт халықтың.
Үкілі баласы едім елік қырдың,
Өнерді өміріме серік қылдым.
Тұлпарымды тұмарлап Қарағандым,
Торғынды сауытымды берік қылдың.
Бұл күнде Астанада жүрсем-дағы,
Еркелеп есігіңе келіп тұрмын.
Өлеңмен өрнектедім ғұмырымды,
Өнерде лайламадым тұнығыңды.
Қараөткелдің бойында жүрсем-дағы,
Туған жер, қимай жүрмін тұғырыңды.
Артында асылдардың соқпақ қалған,
Жолменен жолбарыстай жортпақ балаң.
Тоқтардай ағамызға сәлем бердім
Ақжолтай Ағыбайды жоқтатпаған.
Қанаты қыран құстың күнді керген,
Ақыны қарашаның тілді келген.
Айды да әуенімен тербетіп ед
Сар даламда қозғалған сырлы керуен.
Ақжолтай Ағыбайын сағынған соң,
Қазаққа Тоқтардайын ұлды берген.
Байеке, сөзді бастап сыр ұқтырдың,
Мөп-мөлдір өлеңіңді тұнық қылдың.
Соңыңнан ерген біздей бауырыңды
Бойдағы жігеріңмен шынықтырдың.
Өзіңдей шабыты зор ағамменен
Араға сегіз жыл сап шығып тұрмын.
Байеке, болғаныңмен мұратың бай,
Ініңмен бола қоймас қуатың сай.
Дегенмен көсілетін кезің келді
Кешегі Ақандардың құла атындай.
Ышқынып, біртүрлі боп кетіпсіз ғой
Ініңді иегінен ұратындай.
Таймайды тұғырынан ардақты өрен,
Өзіңдей жақсы ағаны саңлақ дер ем.
Бекмаханов, Әуезов бастамасын
Бүгінгі ұрпағы боп жалғап келем.
Қалың ел тілеу тілеп қолдағасын,
Батырлар қорғап өткен боз даласын.
Доскей, Иса, Хамиттей ақындарым
Қаймықпай айта білген сөз данасын.
Әуезов, Есенберлин, Бекмаханов
Шындықпен айтып кеткен көзқарасын.
Тарихтан өз бағасын ала алмай жүр
Нысанбайдай жырауым енді, Алашым.
Баянғали:
Мен сенен тұрған жоқпын сасайын деп,
Айтыстан және бүгін қашайын деп.
«Ау, ау», – деп айғайласам, мен ойлаймын,
Ел мұңын естімейтін астаналық
Дөкейлердің құлағын ашайын деп.
Аманжол ата салтын жалғап кеткен,
Бір сөйлесе ұзақтан толғап кеткен.
Сегіз жыл бұрын мұнымен айтысқанда,
Аңқитып бұл ағасын алдап кеткен.
Аманжол бұл айтыстың жартасындай,
Шетелге көрсететін маркасындай.
Көк жұлдыз боп жарқырап жеке-дара,
Тұрады шоқ жұлдыздың ортасында-ай.
Құладай мен көсіліп бір көрейін,
Болмасаң Батыраштың балтасындай.
Бұл бала, байқап тұрмын, оқымысты,
Сөзінен біраз жұрттың іші пысты.
Түйіп айтса қайтеді бабасындай
Бұзатын бір-ақ сөзбен бекіністі?!
Қош келді Тоқтар батыр ағам мұнда
Өтеген сан ғасырлық өкінішті.
Ғарышқа да бір өзі
Барып келген Тоқтарым.
Көкке жолды ең алғаш
Салып берген Тоқтарым.
Көк Түріктің көп жылғы
Қайтпай келген есесін
Алып берген Тоқтарым.
Қайратты да мейірлі,
Айбатты да зейінді,
Болған-ақ шығар әлемнің
Батырлары осындай
Бұрынғы мен кейінгі.
Алақаны күректей,
Саусақтары білектей,
Абыроймен келеді
Туған елін жүдетпей.
Атлас батыр секілді
Көк күмбезін құлатпай,
Ұстап тұрған тіректей.
Аманжол, шошынасың қырасың деп,
Ағаңмен қан майданға шығасың кеп.
Шыға сала неге сонша зәрең кетті,
Ініңді иегінен ұрасың деп?!
Тарихтың қызық-қызық доңғалағы,
Ақынды ақын сыйлар жөн болады.
Алдында қалың елдің біз отырмыз
Тудырған мені менен сен баланы.
Байекең оң қолымен бір-ақ тартса,
Аманжол, бауырым-ау, нең қалады?
Сендей-сендей томпиған
Балаларды бір кезде
Алақанға салғанмын,
Арқасынан қаққанмын,
Жайын тауып баққанмын.
Тайраңдап келіп алдыма,
Кеудесін керсе жуандар,
Иектен де қаққанмын,
Қарыннан да қаққанмын.
Неғыламын алдыңда
Ағайындап бөсіп мен.
Менің атақ-даңқымды
Қырғыз-қазақ есіткен.
Талай-талай дөкейлер
Кететұғын алдымнан,
Қалмайтынмын шошып мен.
Сендей-сендей жуанды
Бір-ақ тартқан кезімде
Жібергенмін тесіп мен.
Нанбасаң сұра, Аманжол,
Мына отырған Жүрсін мен
Анау Көпен, Несіптен.
Көкшеден көп-көп сәлем ала келдім,
Алдыңда әсем әнге сала келдім.
Аралап кең Балқашты емін-еркін,
Дос-бауыр мен өзіме таба бердім.
Балқаштың дархан жұрты жомарт екен,
Бәріңе мен жоғары баға бердім.
Сонан соң «Барыс» дейтін комплекске,
Оған да, айналайын, бара келдім.
Жировтың өзі қолға түспеген соң,
Тарсылдатып мешогын соға бердім.
Жар болсын қазағыма бір құдайым,
Алдыңда ағыл-тегіл ағылайын.
Аманжол қытығыма тиіп кетсе
Мен неге құтырынып, қағынайын.
Айтыстың үзілмеген үміті едің,
Мен сені қинап қатты нағылайын?!
Балалар бізден соңғы өсе берсін,
Әрдайым жырларыңды сағынайын.
Жиров та бөтен емес, ағайындар,
Оған да жар болсыншы бір құдайым.
О дағы Қазақстан бір баласы,
Тұқымы болғанымен Сарыбайдың.
Әлемде озып-жарып келе жатыр,
Аруағы қолдаған соң Ағыбайдың.
Аманжол:
Басына тұрақтаған мұрат-бағы,
Ақын ең арқаланған құр аттағы.
Махамбетше барып айт дөкөйлерге,
Кім естид айғайыңды жырақтағы?!
Ақ кірген шақта, аға, самайыңа,
«Қарсы тұрам» деймісің талайыңа.
Сары алтындай бағалы ағам едің.
Мен сені теңемеспін қалайыға.
Ортада Тоқтардайын батыр барда,
Батыраш жоламайды маңайыңа.
Басталған Көкшетаудан жол болыңыз,
Інілерге келгенде мол болыңыз.
Қырғыздың дастандарын айтушы едің,
Кешегі Манастардай зор болыңыз.
Иектен Аманжолды ұрамын деп,
Сынып кетіп жүрмесін оң қолыңыз.
Егделік ер жігітке сенім бермес,
Ініңмен белдесуге белің келмес.
Көрікті Көкшетаудың өр баласын
Балқаштың асыл халқы тегін көрмес.
Қазақтың қарапайым сөзі бар ғой,
«Елуде еңкейгенмен, ебің келмес».


Арда жас артта қалды қырықтағы,
Маржанға қолың жетпес тұнықтағы.
Айбарлы отыздағы Аманжолдан
Ағаның жөн болады сыр ұққаны.
Ағыбай атам құсап айбарлансам,
Қасқырша қыңсыларсың құрықтағы.
Баянғали:
Ағайын, бұл інімнің жолы болсын,
Жырына әрдайым да көңіл толсын.
Ал, қане, бәс тігейік осы жерде,
Бұл жерде жекпе-жекке Аманжолдың
Бір емес, маған десе оны келсін.
Аманжол, мен өзіңді ұнатамын,
Аруақты баласы едің бір атаның.
«Мықтымын»деп мақтанба, айналайын,
Ұрғанда бұқаны да құлатамын.
Жүрегі ақындардың күпті болса,
Жазылады жан жарасы жұрты болса.
Ал енді ішінде миың болмай, тас маңдайың
Көрермін бұқадан да мықты болса.
Елу деген кәрілік емес әлі,
Ағаңның мұқалған жоқ жебесі әлі.
Сен маған «Ағыбайлап» ұрандама,
Артымда тұрған кезде Кенесары.
Аманжол, керегі не дау, егестің,
Байқаймын, сен де асау, сау емессің.
«Ағыбайлап» қарсы маған шабатындай
Мен саған сырттан келген жау емеспін.
Алаштың аспанында самғап жүрмін,
Ел мұңын әрқашан да толғап жүрмін.
Мұхтар атам, Шоқан мен Әлкейдейін
Арасын қырғыз-қазақ жалғап жүрмін.
Қырғыз-қазақ жырын мен жырлаған соң,
Тоқтарға да жырымды арнап жүрмін.
Тоқтардың қасиетті затын көргем,
Оны мен елден ерек батыр көргем.
Тоқтардың айтысында анау жылы
Айтыста өз қолынан атын берген.
Мен оны үлкен-үлкен тәртіп көрем,
Содан бері, ағайын, шалқып келем.
Тоқтар ағам мінгізген ақбоз атты
Сенің он машинаңнан артық көрем.
Қазақтың атым мәшһүр даласына,
Жол салдым екі елдің арасына.
Байекеңді Балқаштың қолдап жатыр
Еңбектеген кішкентай баласы да.
Байекең шалқып-тасып қызып кетсе,
Түсірер Аманжолды сабасына.
Бірақ та онша қатты тиіспейін,
Сүйкімді жігіт еді-ау ағасына.
Қиратып мен тастасам несі қалар,
Керек қой бұл Алаштың баласына.
Аманжол:
Демессің бауырымнан ырқым басым,
Сен бүгін Ағыбайдың жұртындасың.
Саңылақ Сарыарқаның төскейінде
Қалың ел бізден текті сыр тыңдасын.
Менен гөрі, Байеке, үлкендеусің,
Көрдің ғой қырық деген қырдың басын.
Сөзімді ести алмай Байекеңдер,
Жүрсіннен сұрап алып тың-тыңдасын.
Отыздағы інісін көрген кезде
«Шаба алмай кәрі тарлан сылпылдасын».
Киелі мен өзімнің жерімдемін,
Аяулы қазақ деген елімдемін.
Отыздағы ордалы азаматтың,
Байеке, көріп пе едің шегінгенін?!
Айбарлы Ағыбаймен шайқасам деп,
Білерсің Баят шалдың жеңілгенін.
Ежелден қазақ деген іргелі елміз,
«Ақжолтайлап» шайқасқа кірген ерміз.
Тіземізді батырмай көршілерге,
Көшпелі бейбіт өмір сүрген елміз.
Толғатып Толағайдай батыр туып,
Бағасына жете алмай жүрген елміз.
Кіндігін жаңа күннің жасын кесіп,
Басыңнан өтті талай ғасыр көшіп.
Елім деген ерлерді ержеткізген
Аналарым тербеткен асыл бесік.
Ереулі атқа ер салған Махамбеттің
Алмап па еді өз қазағың басын кесіп?
Құпия өткен күннің көп дерегі,
Бірліктің құламасын көк терегі.
Бурадай буырқанған батырлары
Өркешіне оқ тиіп шөккен еді.
Даламның қас батыры Иманжүсіп
Заманының тарлығын шеккен еді.
Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,
Мәди де қудаланып өткен еді.
Көтеріп кетсе-дағы айбатыңды,
Батырлар қыршынынан жайратылды.
Еркек тоқты құрбандық болып кеткен
Желтоқсан тоңдырмап па ед Қайратыңды?!
Күндестік деген бізді дерт торлады,
Кей-кейде қиянатта шек болмады.
Жанымызға батады Әбдісалан
Қарақшының қолынан мерт болғаны.
Досыма сілтемедім шоқпарымды,
Батырлар таңдандырған Көк Тәңірді.
Біз бүгін бағаламай жүргендейміз
Хас батыр – ортаңдағы Тоқтарымды.
Сұңқарың қайда, халқым, аспандағы?
Құлжаң қайда қасқайған асқардағы?
Еліміз тәуелсіздік алған шақта
Батырдың аумасыншы бастан бағы.
Бүгінгі әуе күшін еліміздің
Жөн болады Тоқтардың басқарғаны.
Баянғали:
Ағайын, дәйім жақсы күйің болсын,
Той болып, дәл осындай жиын болсын.
Әумин деп барлығымыз бет сипайық,
Сөзіне Аманжолдың түйін болсын.
Жарысып көрдік біз де мұныменен,
Айтыла жатар әлі бұрынғы өлең.
Ағалары сыйлайды інілерді,
Ағаны да сыйласын іні деген.
Сақтасын біз жұлқысып, алысқаннан,
Жазбасын жақсылықпен табысқаннан.
Кенесары, Наурызбай, Ағыбайлар
Жарбаңдап бір-бірімен алыспаған.
Аталар қасиетті қайда кетті
Күн сайын бізден ары алыстаған?
Қағынып бара жатыр бүгін заман,
Адам жоқ бұл қазаққа ұрынбаған.
Әбдісалан ағамыз өткен кезде
Несіп қана жоқтау айтып шырылдаған.
Қазағым, етек-жеңің жинай білші,
Кім тоқтатар иттерді ырылдаған?
Келген соң бұл Балқашқа өлең айтып,
Мен дағы жақсылыққа ырымдағам.
Маған да қолдарыңды соғып қойшы,
Аманжол сияқты, бөтен емес, мен де балаң.
Қайта айналып келгенше ортаңызға,
Болып тұр, қайран елім, есен-аман.





Пікір жазу