02.09.2022
  300


Автор: Аманжол Әлтаев

ӘСЕЛХАН ҚАЛЫБЕКОВА МЕН АМАНЖОЛ ӘЛТАЙ АЙТЫСЫ

Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына арналған айтыс. Семей облысы, Қарауыл. Тамыз, 1995 жыл
Әселхан:
Жүйріктер алқынбайды шапқанда өрге,
Бет жудым мөлдіреген мақтан көлге.
Әулиелі жерден кеп сәлем бердім
Ақынның әулиесі жатқан жерге.
Әріптес мына Аманжол ұлмен жасты,
Жыры бар ерітетін қара тасты.
Амал жоқ анасымен шығып қалды,
Бұраң бел, табылмастан қиғаш қасты.
Қадамың, Аманжолжан, құтты болсын,
Анаңыз ақ тілекпен шашу шашты.
Қазағым, ғұрпың менен салтың күшті,
Әдетін ұмыттырған салқын нұсқа.
Өзіңнің өзегіңді жарып шыққан
Ұлын да енді ұят, нарқыңды ұқты.
Қазақты арқаңа бір көтердің-ау,
Киелі, қасиетті хан Шыңғысты.
Бір саты қазақ алға өрлеген той,
Баласы алты алаштың терлеген той,
Мейірім жүйткіп шапқан желдей есіп,
Аспан-жерді дүр шаттық кернеген той.
Бір емес, үш кемеңгер дана тапқан
Біздердей қасиетті елменен той.
Бұрайын әріптеске аттың басын,
Демесін Әселхан кезек бермеген той.
Аманжол:
Бір сәлем қалың елім, ардағыма,
Таралған тоқсан шөлдің тармағына.
Алашым, қара орманым, аманбысың,
Ас берген ұлы Абайдың әруағына.
Шапқанда боз даламның бауырынан,
Тұлпардың тер ағады сауырынан.
Қыз беріп Құнанбаймен құда болған
Кеп тұрмын Алшынбайдың ауылынан.
Көтеріп әр тұғырға әр асылын,
Табанға таптатпаған Алаш ұлын.
Ордалы Ұлжан ана ауылының
Үкілеп топқа қосқан баласымын.
Алыптың ағылғанда бұлақтары,
Сусындар талай халық жырақтағы.
Қазаққа құт әкелген Абай ата,
Әруағың риза болсын жұмақтағы.
Ұлы Абай, өлеңіңмен ержетіп ем,
Жасымнан ақ бесіктей тербетіп ең.
Түлеткен Телқарасын қарт Шыңғыстың
Мен бүгін шаттық көрем келбетінен.
Тойыңа хакім ата сауын айтып,
Сұраймын сүйіншімді жер бетінен.
Алысқан мыңмен жалғыз батыр Абай,
Патшасы өлең сөздің – ақын Абай.
Әлемге қараша үйден есік ашқан,
Бір сырлы, сегіз қырлы хакім Абай.
Тірліктің түсінгенге тірегі – Абай,
Білімнің бес қаруы, білегі – Абай.
Аллаша атын айтқан мұсылманның
Дем беріп жүрегінде жүреді Абай.
Дамылсыз талай ғасыр соғатұғын
Қазақтың лүпілдеген жүрегі – Абай.
Өлеңім – қасиетім қанымдағы,
Өлеңім – ақ жалауым арымдағы.
Арқаға Қазығұрттан керуен тартқан,
Армысың, асыл апам, жанымдағы!
Жидебай жыр жайлауым, өрім еді,
Қарауыл алтын көмбем, төрім еді.
Жан апа, мына сіздің қасыңызда
Шыңғыс тау аласа боп көрінеді.
Елімнің мынау тойға жиылғаны,
Бәрінің жалғыз Алла сыйынғаны.
Көрейін апамменен қапталдасып,
Ол рас, ару қыздар бұйырмады.
Шипалы өлеңіңмен жанды емдейсіз,
Менің де жүрегіме нәр бергейсіз.
Көрейік тылсым жырмен бір сырласып,
Жан апа, тақияма тар келмейсіз.
Байқалсын Қара Ертістей тасуыңыз,
Бұл тойда мүмкін емес жасуыңыз.
Алланың ақ нұрындай болсын дедім
Ана боп маған шашқан шашуыңыз.
Әселхан:
Жырларың керім екен, бәрі ғажап,
Қарағым, шырқайсың-ау, үнің азат.
Рахмет ықыласыңа маған деген,
«Белін бу болар ұлдың» деген қазақ.
Қанша жыл алтынымыз жез болғаны,
Қанша жыл жібегіміз бөз болғаны.
Шындықты көкірегіне тұншықтырып,
Ерлерім екі сөйлеп, ез болғаны.
Тартады бөрі етектен бағы ұшқанды,
Найзасы қақ бөлініп, намыс қалды.
Міржақып, Ахмет, Мағжан, Шәкәрімдей
Аңырап кеше таптық арыстарды.
Қамы үшін қара бастың алаңдадық,
Жан үшін төзіп бақтық, амалдадық.
Қарадан хан боп туған Құнанбайды,
Қажыны қорықпастан жамандадық.
Айып па есіне алса бүгін елі,
Жан-жаққа ойы құрғыр жүгіреді.
Сұлтанбек, Тұрар, Сәкен, Ілияс, Бейімбет
Көлденең көк аттының бірі ме еді?!
Жарқырап маңдайлары артық туған
Еді ғой Абайымның інілері.
Жазылмас қалды қанша жанда күйік,
Әкелді бостандықты Құдай иіп.
Алашым атқа мініп, той тойлап жүр,
Аңсаған азаттығы қолға тиіп.
Қаны бір бабасы мен бабалары,
Жаны бір ағасы мен аналары,
Пердесін жалғандықтың сырып тастап,
Көрісті көк түріктің балалары.
Біздіңше, бұл тойдың жоқ баламасы,
Ханның да, қараның да бар аласы.
Көңілді көкке карай жетелейді
Абайдың аппақ болған сағанасы.
Шаттық пен қанаттарым еркін самғап,
Шарқ ұрып келе жатыр шағаласы.
Алашым, бүгінгі бар қиындығың –
Бостандық отауының садағасы.
Аманжол:
Жүйріктер жатқан кезде көмбе келіп,
Екеуміз сөз сөйлейік жөнге келіп.
Отырсыз оң жағымда, асыл апа,
Бүгінгі толған айдай дөңгеленіп.
Жасымды есепке алсам, ұлыңдаймын,
Жан апа, жөнсіз жерден ұрынбаймын.
Секілді мама бие сіз жорытқанда,
Соңыңнан шұрқыраған құлындаймын.
Тарихтан Абай аты өшпес білем,
Ел бағы бірлік барда көшпес білем.
Абайды түсінбеген қазақтарға
Ақ сүтін Хауа ана да кешпес білем.
Соққанда өткен өмір мұңды ызғарын,
Халқымның еңіреткен ұл-қыздарын.
Ақылбай, Мағауия мен Әбіштерім –
Қыршын боп ерте кеткен жұлдыздарым.
Кеңестің кезеңінде қамшы батқан,
Тектінің ордасында жалшы жатқан.
Абайдың соңына ерген Шәкәрімді
Қызылдар тас құдықта қансыратқан.
Айыптап алып сырын ұкқан ұлды,
Саясат сайқалдықты тұтқан үлгі.
Қазақтың Ұлы Абайын жазғаны үшін
Мәскеуге қудалады-ау Мұхтарымды.
Ұлы ата, елің барда ордалысың,
Сиынар бар ақынның қорғанысың.
Бір кезде Абайға да көз алартқан
Жазығы – бай баласы болғаны үшін.
Бағаңды болашақ күн береді, ата,
Соңыңнан дүйім Алаш ереді, ата.
«Қазағың, қалың елің, қайран жұртың»
Бұл күнде тәй-тәй басып келеді, ата.
Ініңнің ақсұңқардай самғағаны,
Тұғырын карт Шыңғыстан таңдағаны.
Ой басын өзің болып бастаған соң,
Бауырыңның ойға ойды жалғағаны.
Әселхан:
Ақынмын, алды-артымды амалдаймын,
Сипаған маңдайыңнан самалдаймын.
Әйтеуір жеңем деген ниет болса,
Демеймін оның жөнін таба алмаймын.
Бозінген өз ботасын шайнамайды,
Сәулесі түскен жансың саған да айдың.
Айналдым отырысыңнан, сөздеріңнен,
Тұп-тура өзім тапқан анаңдаймын.
Тарихтың көз салсаңыз заңғарына,
Келмейді бүгінгі күн талғамына.
Абайдың әкесі де, атасы да
Ешқашан жете алмаған арманына.
Дегенмен сол арманға жетер жолда
Тәптіштеп ұрпағына айтқан оңды.
Бәрін де қатал айтып түсіндірген,
Болмаған бұндай адам бұрын-соңды.
Жетпіс жыл жалаңдықтан арылмадық,
Көсем деп кімдерге біз табынбадық?!
Аға-іні, әке-бала араздасьш,
Жем болдық көрінгеннің малын бағып.
Шырағы енді Абайдың емес өшпек,
Жас ұрпақ ірілерін жатса көксеп.
Жақсы сөз жастайынан қанға сіңіп,
Абай бол жамандықтан Абай десек.
Нұрлы ақын жамандықтың жолын қағар,
Кеудеңе ыстық қайрат шоғырланар.
Алыпкер жас ұрпақтың қолыменен
Абайлық асыл мұрат орындалар.
Бағасын мынау тойдың ел біледі,
Алашым, аңсайсың-ау енді нені?
Ақынның арманынан лүпілдейді
Атомнан жарылмаған жер жүрегі.
Абайдың әрбір сөзін ұққан сайын
Жанымыз таңғы шықтай мөлдіреді.
Құлпырып масатыдай жердің жүзі,
Күн көзі ата-анадай елжіреді.
Аманжол:
Баласы күдіктенбес шешесінен,
Көңіліңнің сыр ауладым көшесінен.
Жырыңнан сусындадым, асыл ана,
Тоғжанның шай ішкендей кесесінен.
Шабытым шалқығанда арнасынан,
Абай деп жыр толғаумен таңды асырам.
Ұрғаны анасының – сипағаны,
Ұрсаңшы қамшы сөзбен жамбасымнан.
Жыр бағың, асыл ана, гүлдесінші,
Қалың ел әр кезде де бізге сыншы.
Созғанға өлеңіңді мынау халық
Ақындар жаттанды деп жүрмесінші.
Жан апа, жан емессің затың жасық,
Ал көсіл жыр-тұлпарға тақым басып.
Екеуміз екі жаққа тартып кетпей,
Сондықтан сөз сөйлейік жақындасып.
Әселхан:
Ағайын, ризамыз құлақ салған,
Аманжол, айналайын сендей жаннан.
Екеумізді жаттанды деп ешкім айтпас,
Шыққанбыз талай рет емтиханнан.
Абайдың ұрпағы бар, ауылы бар,
Мақтауға тұратындай бауыры бар.
Қалихан, Мағжан, Хафиз ағалардай
Көкірегі алтын сандық тау ұлы бар.
Абайым мықты, міне, төрге міне,
Жұлдыз боп жарқырайды ел көгіне.
Қарсы алды баладайын, анадайын,
Жер-Ана жұпар түйіп жер көгіне,
Той тойлап, аты арып, тоны тозған
Мың алғыс Алашымның ерлеріне.
Елімнің еркесі өзің сөйлейтұғын,
Бақ дарып, Қыдыр қонсын ерлеріме.
Аманжол:
Тербеліп мақпал кеште дала жатыр,
Риза боп ұрпағына баба жатыр.
Анаммен әдеп сақтап сырлассам да,
Айтысқа шөлім қанбай бара жатыр.





Пікір жазу