02.09.2022
  191


Автор: Жанат Әскербекқызы

Сенің ғана демеріңе сенгім кеп...

Сенің ғана демеріңе сенгім кеп,
Қабіріңе мұңым шағып келдім көп.
Кескініңе айқайлайды ішкі үнім
Мына тұрған сен емессің, менмін деп.
Қара түсті құлпытасың тым мұңды,
Сенімімді еркімнен тыс құл қылды.
Көтереді ол жүрек дертін мың күнгі,
Көтереді ол еркелікті бір күнгі.
Наз айта алмай өксіп қалғам саған көп,
Жалғыз-ау деп жүрем әлі алаң боп.
Ғайып жолға жалт бердің бе әдейі,
Жақын жүрсем өкпелетіп алам деп.
Жан жарама бергендейсің бөз таңып...
Жансыз тастан кетердей-ақ сөз тамып,
Қара жолмен ілбіп бара жатамын,
Қабіріңе қарай-қарай көз талып...





Пікір жазу