Бір терегім бар еді, мендік еді...
Бір терегім бар еді, мендік еді,
Құшақтаймын түнде кеп, жел күледі.
«Келдім» - деймін басымды сүйеп тұрып,
«Айтасың – деп сұрайды ол – енді нені?»
Терегіме сенемін, ұғар бәрін,
Мұңайтады оны да сыңар халім.
Көкіректі қақ жарып, ұшып шығып,
Бұтағына қонақтап тұрар жаным.
Жалғыз терек... көк терек... терек, терек,
Кей күндері кетемін мен өкпелеп.
Жүгірер ед соңымнан, дәрмені жоқ,
Қанша мықты болса да көмек керек.
Жапырағы жамырап, түрлі өлең боп,
Қала берер, «қалқам-ау, күнде кел» деп.
...Түнде келдім... терегім тым қайғылы,
Сұраған жоқ ештеме, үндеген жоқ.
...Бір терегім бар менің, мұңы қалың,
Ол мені ұғар, мен де оны ұғынамын.
Кей кездері өкпелеп кетіп қалып,
Қайта айналып, бауырына тығыламын.
...Бір терегім бар менің. Мендік әлі.
Әкете алмай мені одан жел жылады.
Өкпелесем өзіме өкпелейін
Өкпелетпен дәл оны ендігәрі.
6 тамыз. 2005. Астана.