02.09.2022
  121


Автор: Жанат Әскербекқызы

Көгілдір сағым – көйлегім...

Көгілдір сағым – көйлегім,
Көкжиек жақтан сөйледім.
Самал боп сен ең толқытқан,
Сағыныш-сары жейделім.
Күйбеңге құрбан болғанбыз,
Маңдайға тағдыр салған ба із?!
Көңілден өшкен келбеті,
Жалған-ай, мен бе ем, арман-қыз...
Ұшырып желге жейдесін,
Жоғалтқан жұмбақ бейнесін.
Дариға-ай, сен бе ең сол жігіт,
Болғанмын ғашық мен несін...
Көгілдір сағым көлбеген,
Сағынышымды тербеген.
Адасып арман-бейнеңнен
Сырласып кеттім желменен.
Менімен желдің мұңы бір,
Даланы кезіп сыры жүр.
Сағыныш жанын сыздатса,
Долданады кеп, құрығыр.
Айтады сөзін кеуделеп,
Жел үшін бар ғой жөн бөлек.
Самалға тосам бетімді,
Сенделіп жүрген сен бе деп.
Ұғына алмас мені ешкім,
Бұл күні жоқпен теңестім.


Сен дағы маған елессің,
Мен дағы саған елеспін.
Қосылып арна бірге ақты,
Толқындар бірақ мұң қапты.
Көкірегімді ашытып,
Көзімде тамшы дір қақты.
Аярлық қылып, мың күлген,
Сайқал ма сезім, кім білген...
Адастым қиял тұлғаңнан,
Тек соны іздеп жүрмін мен.
Астасқан түспен өңдей-дүр,
Қасыма таяп келмей бір,
Мұнарды кешіп, мұңданып
Махаббат шіркін, өлмей жүр.



1990 жыл, Тарбағатай





Пікір жазу