meta charset="utf-8"> Қазақша портал

  02.09.2022
  156


Автор: Жанат Әскербекқызы

Іздеме мені...

Іздеме мені, сен үшін енді жоқпын мен,
Нәп-нәзік жанды бөлісіп кеттім шоқ гүлмен.
Ақша бұлт болып, төбеңде сәл-пәл аялдап,
Мөп-мөлдір тамшы жасымды төгіп өттім мен.
Көктем-ді онда, жап-жасыл беткей нұр тұнған,
Шабыттан гүлдер ұшуға көкке ұмтылған.
Қызыл қырқадан сен жаққа мен де көз тіктім,
Көктем желімен ырғала тұрып гүл-тұлғам.


Қоңырқай дала, көңілімді мұңлы ән қажап,
Жайымен ғана сыздатып жатыр жанды азап.
Мұңлы ән төгіп, құс кеткен жаққа қараймын,
Солармен бірге аттанғандай-ақ бар ғажап.
Іздеме мені, бұл күнде қалған құр сүлдем,
Мен дегін мейлі, қамкөңіл күзді күрсінген.
Көктемдей көңіл тұнжыр қалыпқа ауысып,
Астасып кеткен аяулы сезім тылсыммен...



1987 жыл, Тарбағатай.





Пікір жазу