02.09.2022
  118


Автор: Жанат Әскербекқызы

Тілін тістеп, ыңыранып шындығы...

Тілін тістеп, ыңыранып шындығы
Күнәлі түн кірпігімнен сырғыды.
Қарашыққа тұна қалды шық болып,
Қапаланған көңілімнің кірбіңі.
Бас шайқады, бозарған таң не десін,
Тереземнен алып жатты жел өшін.
Жұмбақ түннің етегіне жармасып,
Босағамнан ғайып болды елесің.
Қуқылданып, қашып кетті көк сұры,
Төсегімде марқұм болды көп сыры.
Таңдайында тәтті өкініш тамсанып,
Түннен қалған түйір ұят өксіді.
Үрейленер, үркіп нәпсі күнге өгей,
Сұрғылт бөлмем дымын құртты үндемей.
...Неге таңның талқысына тастадың,
Елесіме ес боп бірге жүр демей.
Көзсіз ындын көмілген-ді көрге мың,
Көр ішінде ышқынғанын көргемін.
...Бір күнәсін кешірерсің, ұғарсың,
Періштедей сезімі бар пенденің...



1998ж.





Пікір жазу