02.09.2022
97
Құп-қу болып, құлазиды құла дүз...
Құп-қу болып, құлазиды құла дүз,
Құла дүздей құлазимыз мына біз.
Құба шаңды жалғастырып сағыммен
Тудырайық таңғажайып бір аңыз.
Сізді арбаған жастық менен жылыстап,
Көз ұшында құбылады гүл ұстап.
Қасқа жолмен қатарласа ұмтылсақ,
Мың белеске бір-ақ рет тыныстап.
Шаршамаңыз, шалдықпаңыз, шыдаңыз,
Сылқым жардай сылқ-сылқ күлер тұмаңыз.
Жастық шақтан біраз мәулет сұраңыз,
Сағым жұтып ғайып болар бұла қыз.
Құла дүзде құлазумен күн кешіп,
Мына біздер теңселеміз мұң десіп.
Күбірлейміз шалық шалған жандай-ақ
Қиялдағы қимас жанмен тілдесіп.
Сезімімді сағынышпен шылаңыз,
Жөнімді – Күн, сырымды Айдан сұраңыз.
Мұнартады қос қиырда қос қара
Құлазиды... құлазиды құла дүз.