02.09.2022
  74


Автор: Жанат Әскербекқызы

Ұмсынушы едім үздіге...

Ұмсынушы едім үздіге,
Күдерін сезім үзді ме.
Жоғалған күні үмітім
Жоғалтып алдым Сізді де.
Желегі ұшып жетті күз,
Күз болып келіп өптіңіз.
Тұнжырап әлем тұрғанда
Тұманға сіңіп кеттіңіз.
Тоқтатпақ едім...болмады,
Қайтқан құс сәлем жолдады.
Бір шөкім ғана сұр бұлт
Кеудеме келіп қонғаны.
Аспан, жер ұйып сәл мұңға,
Түнеріп бір сәт қалдым ба.
Не десем екен, білмеймін,
Сізді іздеп жүрген жаңбырға.
Сап-сары сағым, жүзді елес,
Ауады соған біздегі ес.
Сыздайды жүрек, іздейді,
Сізді емес, бірақ, Сізді емес.
Жоқ шығар бізге өкпеңіз,
Сіз үшін жасты төккеміз,
Ұмтылып жүріп бақытқа,
Ұмытып кетсем...сөкпеңіз.



Астана. 2000.





Пікір жазу