02.09.2022
  81


Автор: Жанат Әскербекқызы

Көкірегімде бұлқынған қайнар мұңға...

Маратқа



Көкірегімде бұлқынған қайнар мұңға,
Жанды ауыртқан шерімді сыр ғып төктім.
Сен мәңгілік елеске айналдың да,
Санамды арбар сағымға сүңгіп кеттің.
Қарадың ба, ертеңге үміттеніп,
Жүруші едің, жүзіңнен күлкі кетпей.
Пешенеңді, құрбым-ай, біліп пе едік,
Кеттің білем кеудеңе мұң түнетпей.
Әлде, азапты ой жаныңды тыншытпастан,
Қыл бұрауын салды ма жүрегіңе?
Сен – көз жасым, жанардан ыршып қашқан,
Азаттықты ожданың тіледі ме...
Тіршілікте көңіліңе дақ салдым ба,
Түсінбеген құрбыңның бірі – мен ем.
Тұңғиығы үрейлі батса мұңға
“Кеше гөр”, - деп, кеш налып күңіренем.





Пікір жазу