02.09.2022
  124


Автор: Жанат Әскербекқызы

Мамырға ілесіп, қырқаға келгем...

Мамырға ілесіп, қырқаға келгем.
Құстардың әні
шырқала берген,
Гүлдің өңінен ұяты кетпей,
Күннің жүзінен нұр тама берген.
Жігіт-мамырдың пейілі қандай,
Қарайды көзім мейірі қанбай...


Егде қыркүйек иіні түсіп,
Көкжиек жақтан кейіді қандай...
Көңілдің күйі көкке еніп кетті –
Қоңырқай мұңды бөктеріп кетті.
...Жалғыз қалдырып, күтпеген жерден
Мамырым менің жоқ болып кетті.
Балауса гүлге, шалғынға құлмын,
Көз жазып менен қалдың ба, құрбым!
...Қыркүйек дейтін қыртиған жанның
Айыпты болып, алдында тұрмын...



5 тамыз. 2005. Астана.





Пікір жазу