01.09.2022
  246


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ҚАР ЖАУҒАНДАҒЫ СӨЗ

Қырбықтанған қиыршық қар –
тоңазыған көз жасы,
Жанарынан аспанның
Жылағанында шығып па ең,
Қуанғанында шығып па ең,
Қорыққанында шығып па ең,
Торыққанында шығып па ең?
Зыңылдатып əн айтып,
Сорғалайсың биiктен.
Көкiрегiмдi сарай қып,
Мен өзiңе қараймын,
Өзiң тектес арайлы,
Аппақ, аппақ үмiтпен.
Сорғалашы тынбастан,
Асқарларды орап ал,
Ойпаңдарға тола қал,
Құйыл-дағы жамырап
Сергiт, көркейт, жадырат,
Жүректердi мұң басқан.
Құшағыңа ал əлемдi,
Құшағыңа ал өлеңдi,
Құйқылжыған қиялдың
Құйындатшы шанасын,
Мөлдiр өмiр, пəк өмiр
Маған жайнап қарасын.
Жеңiлденсiн дене бiр
Жаным жарқын күйге енсiн
Тазалықты үйренсiн.
Борап, борап басылшы
Көңiл сенен нұр көрсiн.
Апта алтынмен бақтарды,
Орна дала төсiне
Мен алайын есiме
Бар əлемге пəк көзбен
Қарап өткен шақтарды.
Жауа бершi белеңге,
Өзек болып өлеңге,
Ағарт таудың етегiн,
Кейбiреулер сезiнсiн
Қара оймен пəк əлемде
Жүру ұят екенiн.
Жауа бер, қар, жауа бер
Құйыла бер қырға тiк.
Жауа бер, қар, жауа бер
Жүректердi жырлатып.
Сыйға тартқан ару ма ең,
Менiң байтақ аспаным,
Сықырлаған əнiңнен
Жылу тапты жас жаным…





Пікір жазу