Поэмалар ✍️

КӨЗДIҢ ҚҰНЫ
I
«Диiрменi мезгiлдiң айналғанда,
Талқандалмай қалуға айлаң бар ма?
Адамзаттың өмiрiн тыңдамайды ол
Бiрдей оған адам да, айуандар да.
Адам, бiрақ, өледi адам болып,
Қасиетiн тiрiлер алар бөлiп.
Тiрлiк тiнi – махаббат,
Күмәндансаң
Сауыр тауда бiр шал бар, соған жолық.
Шал отырар Айна көл жағасында,
Сыр шертiсiп суменен, нанасың ба?
Махаббаттың жолына құрбан қылған
Екi көздiң ағын да, қарасын да.
Сұрамаңдар әзiрге «ол кiм» десiп,
Шал сөйлесе жатады көл тiлдесiп.
Әрбiр сөзiн зағиптың тыңдау үшiн,
Толқыннан соң келедi толқын көшiп,
Тiрi әулие сөзiмен, iсiмен де,
Сыйлайды оны үлкендер, кiшiлер де.
«Алжыған» деп аңдамай айтқан сабаз,
Тереңдiгiн мұхиттың түсiнер ме?
Соқыр шал мен сырлы көл...
Солған жанар
Көретiндей үңiлiп жардан қарар.
«Маржан» дейдi күбiрлеп сөз арасы, –
Тереңiнде сол көлдiң маржан болар?!
2
Бәйгетөбе басында қаны қызып
Желiккенге –
Бәйгенiң бәрi қызық.
Көз ұшынан көрiндi арғымақтар
Балжуранды жазықта шаңы жүзiп,
Жалбаң-жалбаң жаңалап Мырзан байды,
Жапалақ көз Жандайшап ыржаңдайды:
– Алдыңғы аттың шабысы бөлек екен,
Сiздiкi-ау! – деп сүзiлiп, құржаңдайды.
Мысық мұртты мырзаның суық түсi,
Көзiнде тұр сұсы мен уыт, мысы.
Күдiк кеулеп барады көкiрегiн,
Келмегенмен қаншама жуытқысы.
Жандайшаптар жалбаңдап алдаса да,
Тiзгiн берер Мырзан ба далбасаңа?
Тағдыр бағын ашпады-ау бәйгеден бiр,
Даңқ пенен дәулеттен қолдаса да.
Жұрттан бұрын таныды ол алдыңғы атты,
Бұның тағы үмiтiн жандырмапты.
Шаңда қалған жүйрiгiн көрген кезде
Сұп-суық боп маңдайын жаңбыр жапты...
3
– Байшұбар!
Тағы да озып шұбар келдi, –
Мiрдей көзiн мырзаның мұнар көмдi. –
Жалаңаяқ жаманның жабысы озды-ау,
Бақталастың табасы тынар ма ендi?..
Тұлпарынан тұғыры жүйрiк түсiп,
Жаман кедей жүрмедi-ау құйрық қысып.
Жаратқаны жолынан жаңылған ба,
Бақ таратып жүргенде бұйрық пiшiп.
Тобыр мынау «Байшұбар!», «Райлаған».
Тұнық тұма көңiлдi лайлаған.
Сол шұбардан озатын мал шықпады-ау,
Мыңғыраңан жылқыдан бұл айдаған.
Бұл тұрғанда кiм едi Рай деген,
Домалады тасы өрге бұлай неден!
Құлақкестi әкесi құл едi ғой,
Тоқты тапса жыл жүрiп,
Бiр ай жеген...
4
Ауыл сырты.
Айлы түн.
Алтыбақан.
Дулы думан жастықтың салтына тән.
Түннiң бетiн жалайды лаулаған от,
«Айдан артық, дегендей, жарқыратам...»
Аспан астын әлдилей ән шырқалып,
Дуылдайды думаншыл, сәншiл халық,
Алтыбақан тебедi ақбiлек қыз,
Ай нұрына шолпысы жарқыл қағып.
Ән мен әзiл,
Жас қауым,
Бала-шаға.
Басын қосқан бәрi де тамашаға.
Жұрт көзiнен ұрланған жiгiт пен қыз,
Оттан ұзап жолықты оңашада.
Судың бетiн сызады тал майысып,
Жарқанаттар жанайды талмай ұшып.
Тал түбiнде табысып екеу отыр,
Махаббаттың балынан қанбай iшiп.
– Сағындың ба?
– Сағындым...
– Сезiп едiм...
Түсiмде де өзiңмен кезiгемiн.
– Мен де, жаным, сен берген орамалды
Иiскеп жатып әр түнi көз iлемiн.
– Ол орамал сертiм ғой саған берген...
...Тербеледi тал басы самал желмен.
Жапырақтан сығалап Ай қарайды,
Екеуiнiң сүйiсiн талай көрген.
Бергi бет тал,
арғы бет – кiл ақ қайың,
Өзен жатыр ортада сынаптайын.
Ай аспанда ақырын маңырайды
Сүтке тойған аппақ бiр лақтайын.
– Жеңгем iздеп қалады, қойшы, жаным...
– Iздей берсiн... Айтпақшы, бар сұрағым:
«Қыз қууға» шықпадың бүгiн неге?
– Жете алмай ма деп қорықтым Байшұбарың...
– Байшұбар... – деп
Рай да жұтты сөзiн,
Билегендей жүрегiн күптi сезiм.
Түсiнбеген секiлдi қыз әзiлiн,
Алабұртып алысқа тiктi көзiн.
– Келмегенмен әзiрге күйiм, шамам,
Қосылармыз жаз өте, бұйырса дәм.
Байшұбарды сатсам да қалың жиып,
Құда түсем қалай да биыл саған!
5
– Райжан-ау, малы аз ба бұл ағаңның,
Мен тұрғанда басыңды құрап алғын.
Сыбай-салтаң жүрiстен не шығады
Бiр қайырын көрсеңшi мына малдың.
Акылың сай жiгiтсiң сымбатыңа,
Қызығасың қыздың да қымбатына.
Көздегенiң бар болса, үйленсеңшi.
Дiлгер болып жүргенше тiл-хатына.
– Әр сөзiңдi, Мырза-аға, мүсiндедiң.
Тұспалыңа, дегенмен, түсiнбедiм.
Басым жас қой,
Несiне асығамын.
Мал жиюға жетедi күшiм менiң.
– Мал жиям деп жүргенде жасың өтер,
Кiдiр тартқан жiгiттiң бәсi кетер.
Алтың басың қор болар қайрат тайса,
Ағаң ақыл ұсынса,
Несi бекер?
Ақыл айтсаң жүзiңдi салып төмен,
Шiренедi бұл күнде халық деген.
Байшұбарды бұлданбай маған сатсаң,
Жүз жылқыңды алдыңа салып берем.
Жарлы жанға жалғыз ат мал болмайды!..
– Болады, аға...
Аузыңа алма ондайды.
Байшұбарсыз, байқасам, күнiм қараң,
Жалғызыма келгенде жан қалмайды.
– Ойлан, бала!
Естi адам тiлге ередi.
Жалғыз атпен кiм қазiр күн көредi?
Қапияда кететiн қасқыр жарып,
Бiр жылқыға – жүз жылқы кiм бередi?
– Сата алмаймын, Мырза-еке, шұбарымды,
Қалай ғана қиямын сыңарымды.
Құлынынан қолымнан жемдеп едiм,
Соған таңып өзiмнiң тұмарымды.
– Жал бiттi ме жабы едiң жаман кеше,
Қатынсыз өт өмiрден маған десе.
Жалғыз шыққан шаңынды көрiп алдым,
Қу тiзеңдi құшақтап қал ендеше!
6
– Апа, мынау көк терi қайдан келген?
– Оны бүгiн олжам деп Майдан берген.
– Майданы кiм?
Мырзанның баласы ма?
– Иә, сол ғой.
Сонау күн тойдан көргем.
Жол-жөнекей соғыпты сусағасын,
Қағып алып қатықтың бiр шарасын,
Риза боп, қасқырын байлап кеттi...
– Батпан құйрық!..
Түсiндiм ишарасын!
Сусын емес, Шұбар ғой көздегенi,
Аңдиды олар атымнан өзге ненi?
Рай бала қайтар деп райынан,
Әкесiнiң болар-ау мезгегенi.
Бай иiлсе иiлсiн,
Қасарып көр, –
Баяғыдай бiздердi аш-арық дер.
Қажетi жоқ мал түгiл,
Терiсi де
Жомартына жол түссе апарып бер!
Байшұбарым тұрғанда кiмнен кеммiн,
Көбiсiнен биiкпiн күлгендердiң.
Сармантайдың тойынан мал айдап кеп,
Бұйыртса:
«Апа, мiнеки жүлдем» дермiн.
Малдың басы қалды
ғой құралып та.
Ендi мынау аз күнге шыдалық та.
Сармантайдың тойына тоғыз күн бар,
Содан кейiн тартарсың құдалыққа.
Ал, мен кеттiм.
Жолығам келiнiңе...
...Шықты анасы шарбаққа терiнi iле.
Жалғызының соңынан қарап тұрды,
Шүкiрлiгi оралып ерiнiне.
Қазанбұзар үйтентек қыранжапты,
Азамат боп қалғанын кiм аңдапты?
Терiнi iлiп,
Шарбаққа сүйендi Ана,
Көк бөрiнiң терiсi бұлаң қақты.
Қас қарайып барады,
Күн кешкiрiп,
Ат дүбiрi көп уақыт тұрды естiлiп.
Малын жайңап келдi де жантайды Ана,
Алласымен арманын тiлдестiрiп.
7
Түн iшiнде шу шықты қора жақтан,
Дүрлiктiрiп не пәле бара жатқан?
Көсеуiн ап қолына ұмтылды Ана,
Есiгiне қораның мана жапқан.
Қора iшiнде сан дауыс:
Ырылдаған,
Маңыраған, қорқырап, қырылдаған,
Апыр-топыр!
Қой қайсы, қасқыр қайсы?
Ащы айғайға ешбiрi бұрылмаған.
Қараңғыда қос ноқат шоқтай жанып,
Шалып қалды адамды тоқтай қалып.
Қолындағы көсеудi сiлтетпестен,
Арс еттi де Ананы өттi айналып.
Екiншiсi тастай сап жамсатуды,
Ыр еттi де кемпiрге қарсы атылды...
Бастырылған, қырылған қой iшiнде –
Жаралы Ана күн шыға жан шақырды.
8
Бәйгетөбе басында қаны қызып,
Желiккен ел.
Бәйгенiң бәрi қызық,
Жүйрiк бiткен көмбеге келiп болды,
Балжуранды жазықта шаңы жүзiп.
– Байшұбар!..
Тағы да озып шұбар келдi,
Мiрдей көзiн Мырзанның мұнар көмдi.
Бәйге сайын жүлдеден жұрдай болса,
Қан түкiрмей көңiлi тынар ма ендi?
«Басқа шықты-ау мына бит балақтағы,
Байшұбарын сат десем жолатпады.
Тайталасар кiм едi менiмен бұл,
Жалғыз ат пен бiр жүлде – сол-ақ малы.
Қасқыр қырып кетсе де жиған малын,
Шұбар үшiн көрермiн қиған жанын.
Осы жолы сатар-ақ,
Ал, сатпаса...».
Iшке бүктi Мырзан бай бармағын...
9
– Келiстiк қой!
– Келiспей қайда барам?
– Бiз куәмiз!
– Сөзiңнен тайма, балам.
Қолыңды бер!
– Мiнеки...
...Сөз де пiстi
Сәйгүлiктi сан мәрте саудалаған.
Мырзан жайнап,
Райдың қаны қашқан,
Жұрт жанары жылқыға жамырасқан.
Жел жетпеген жүйрiк тұр жердi тарпып,
Жарыс сайын жiгiттiң бағын ашқан.
Желбiрейдi үкiсi кекiлiнде,
Жалтаң-жалтаң етедi тосын үнге.
Жат есiкке жалданып бара жатып,
Жаутаңдамас дәл бұлай жетiмiң де.
Есiк пенен төрдейiн тұрқыменен,
Тұрғандайын көз жасын iркiп әрең.
Иесiне қояды иек сүйеп,
Сезiмтал-ау қыздайын жылқы деген.
Кеудесiнде қу жаны Райдың да,
Берiлуi бiрiншi бұлай мұңға.
Қалың төлер байлыққа жеттiм деген
Нышаны жоқ қуанған сыңайдың да.
Өткiр тырнақ өзегiн өттi тырнап,
Өлпең өртеп,
Өңешi кеттi құрғап.
Өзiне ме, бiлмейдi,
Өзгеге ме
Өжелендi өңiнде от дуылдап.
10
– Уа, халайық! Қанеки, берi қараңдар!
Көрген де бар мұндайды, көрмеген бар.
Сатып алдым Райдың Байшұбарын,
Бұл Байшұбар менiкi, ей, жарандар! –
Мардамсыды Мырзан бай шырайлана, –
– Ат кiмдiкi?
Елге естiрт, Рай бала!
– Сiздiкi! – деп тiзгiндi ұсынды Рай,
Ентелесе ел келiп тұр айнала.
– Ұқтыңдар ғой!
Демедi қапы қалдым,
Жүз жылқыға бiр жылқы сатып алдым!
Алшысынан асығы түсерi анық,
Маңдайында Шұбардай аты бардың.
Бұл Байшұбар бағымды байлап келген,
Алыс-жақын айнала аумақты елден.
Қанша арғымақ сатып ап салсам-дағы,
Жеке-дара жеткiзбей заулап берген.
Былғап болған Байшұбар намысымды,
Сейiсiмнiң сан мәрте сағы сынды.
Көзге шыққан сүйелдей сұрқымды алып,
Өрлетпеген даңқым мен дабысымды.
Байлық деген немене – қолдың кiрi,
Бiр жылқыға бергенiм – ердiң құны.
Байғұс мiнген жүйрiкке бұт артқанға
Масайрайтын –
Мен емес кемнiң бiрi.
Мiнбеймiн мен!
Мiнбейдi менiң балам!
Малданбаймын тартса да тегiн маған.
Әй, Жандайшап!
Берi әкел айбалтаңды!
Байшұбардан көптенгi кегiмдi алам!
11
Селк еттi Рай,
Көңiлiн қауiп қысты...
Ал айбалта... жарқ еттi!
Шауып түстi!!!
Байшұбардың сылқ етiп басы жерге
Тұрып қалды тұлғасы алып күштi.
Бассыз тұлпар!..
Тiзесi бүгiлдi де,
Омақасты...
Үзiлдi ғұмыр мiне...
Жансыз басты құшақтай жығылды Рай,
Екi көзi түк көрмей үңiлдi де.
Не болғанын ес жиып бiр-ақ бiлдi,
Жанашыр жұрт жанында жылап тұрды.
– Малға тұмар не керек! –
Қан-қан болған
Тұмарды бай Райға лақтырды.
– Тұрған шығар жаны ашып жаман қатты
Тоқтатыңдар сарнаған самаржақты!
...Мөлдiреген жанары мұздай болып,
Адамдарға Байшұбар қарап жатты...
12
– Қорқам, жаным...
Қазiргi халiм жаман.
Қия бассам аңдиды –
Соңымда адам.
Сен де сонша кешiгiп, сарғайдым ғой...
– Не?.. Не дедiң?!.
– Төледi қалың маған...
– Кiмге айттырды?..
– Мырзанның баласына... –
Маржан қыздың жас толды шарасына.
Айдың бетi ду етiп аспандағы,
Тасаланды ала бұлт арасына.
Терiс қарап талдар да томсырайды,
Бұтақтардан тырсылдап тер шұбайды.
Қап-қара боп түтiккен көршi Райды,
Өң-шырайдан түк те жоқ жолшыбайғы.
Жалт-жұлт еттi көздерi қараңғыда,
Жай түсiрдi жiгiтке хабар мына.
...Байшұбардың күйiгiн көтере алмай.
Күйреп жатып,
Қызды iздеп бара алды ма?
«Құдалыққа оңалсам жүрем», – дейтiн,
Анасынан әл кеткен мұны емдейтiн.
Жылқысына бас-көз боп Байсал досы,
Бағып-қағып,
Түзелткен сүрең-кейпiн.
Байшұбардың құсасы шекке жетiп,
Уәделi мерзiм де кеткен өтiп.
Жұтатынға ұқсайды обыр тағдыр,
Тәуекелдi көрмесе өткел етiп!..
13
– Аттан! Аттан!
Қыз қашты! Аттан! Аттан!
...Дүр сiлкiндi түнгi ауыл шапқан аттан.
Қараңғының қойнына сiңiп жатты
Жарқ-жұрқ етiп ақ сойыл қат-қабаттан.
Төңкерiлiп ошақта қазан қалған...
– Әй, бұл не шу бейуақта мазамды алған?
– Қыз қашыпты тау жаққа Райменен!..
Мұздай жүзi Мырзанның тозаңданған.
– Ана иттердi тыйыңдар абалатпай! –
Сан-сақ ойын сәл тұрды саралап бай.
Киiз үйге кiрерде күбiр еттi:
«Тәңiр, өзiң жар бол, деп, табалатпай...»
14
Таң алдында сырылды тау мұнары,
Қылаңытты қойнаудың қау-құраңы.
Алаңаншық ескенде күншығыстан
Жапырағы теректiң саудырады.
Күтiп жатыр кермиық күндi атырап.
Кәрi жартас бәрiн де тұр бақылап.
Шатқалдағы шымырлап жатқан көлдiң
Қалқып қонды бетiне бiр жапырақ.
Бiр жапырақ деген не?
Көл әлемi
Өз бесiгi өзiнде – елемедi.
Кәрi жартас қойнына қолын тығып,
Сылқ-сылқ күлдi аймалап кенеренi.
Тау иығын нұр жауып құланиек,
Бара жатты бозарып сиялы көк.
Қойдан қоңыр көлге кеп құйған бұлақ
Жарқырайды жыландай зияны жоқ.
15
Таңғы ауадан сынбаған ызғар әлi,
Күн нұрына бой бермей сызданады.
Мұз бұлаққа еңкейiп бетiн шайып,
Көзiн сүзiп көл жаққа қыз қарады.
Сорғалаған тамшыны қақшып алып,
Ерке бұлақ ойнақтар шапшып ағып.
Рай отыр қойтаста сойыл жонып,
Ендi ғана оралған ат суарып.
Тұрақ қылып аз күн тау,
ағаш iшiн,
Ойға қайта оралмақ анасы үшiн.
Анасын ап,
Жасырын таудан асып
Сағаламақ осы қыс нағашысын.
Екеуара жалғыз ат мiнгескенi,
Еске түстi кешегi тiлдескенi: –
Маржан:
«Мәңгi сендiкпiн,
Екi өмiр жоқ,
Екеумiзге соңғы кеш –
бұл кеш...» дедi.
Рай:
«Тарттық, ендеше!» –
Қыз қуанған,
Қақ жарылған қара тау ызғып алдан.
Көлге жете екеуi ат шалдырып,
Шидем төсеп, ер жастап мызғып алған.
Тоңазыды түнiмен...
Күз келедi...
(Жылылық қой бұлардың iздегенi...)
...Ой үзiлдi.
Маржан кеп:
«Қорқам, Рай
Бiреу қарап тұрғандай бiзге» дедi.
16
Жымып жетiп сездiрмей ат дүбiрiн:
– Мен көрдiм!–деп Жандайшап қақты күлiм.
Сiлтеп қойды сойылын көл маңына,–
«Қос ғашықтың тығылған таптым iнiн!..»
– Ғашығың не?
Жә, жетер, жетiспе! – деп.
Майдан атын тебiндi оқыс, кенет.
– Жекпе-жекке шығамын Раймен мен,
Сендер оқшау тұрыңдар екi-үш бөлек.
– Шыға көрме,
Майданжан,
жекпе-жекке,
Басты тiгiп қайтесiң өткелекке.
Бiз бiлетiн арлан ғой,
Алдырмайды...
– Қашқан жауға қара күш көп керек пе?
Айттым – бiттi!
Намыстың жолы – қанды! –
Сар сойылын Майдан да қолына алды.
Құтқармайтын сүйiктi сойылы бұл,
Не бiр ұры, немесе не бiр аңды.
17
Майдан шыға келгенде қай заматта,
Қарғып мiндi Рай да жайдақ атқа.
Қанды көздер қадалды қаһар шашып,
Жiберердей бiр-бiрiн байлап оққа.
Қарш-қарш шайнап аттары ауыздығын,
Тақымдарды сезiндi нағыз мығым.
Адамдығын ұмытып екi жiгiт,
Жұдырыққа жинады жауыздығын.
Сатыр-сұтыр сiлтендi сойылдар да,
Ар-намыстың нар жүгi мойындарда.
Адам, мүмкiн мойындар бiрiн-бiрi,
Ал, сойылдар бiр-бiрiн мойындар ма?
Ұрымталын Райдың бағып ептi,
Әккi Майдан тiзеден қағып өттi.
Өзiнiң де шүйдесi солқ ете қап,
Жұлдыз қаптап көз алдын халi кеттi...
Екеуi де сол мезет аттан ұшты,
Естiдi Рай шу еткен көп дауысты.
Қыздың үнi шың етiп жеке шығып,
Қозғап кеттi қандағы кек-намысты.
Ұрма тұстан ұрысқа болған айғақ,
Аламандар ат қойды андағайлап.
Бас көтерiп,
Сойылын қарманғанша
Өзiне ұшқан Маржанды қалды абайлап.
– Қаш, Маржан! – деп ышқынып түрегелдi,
«Сен құтылшы, мен көрдiм...» – тiлегi ендi.
Сатырлаған сол сәтте соққы жауып,
Шыр айналып, дүние жүре бердi...
18
Қына қанға боялған қызғыш таулар,
Қыз көзiнен татты ащы бiр мысқал нәр.
Құлағына Маржанның жеттi дауыс:
– Көзiн құрттық Райдың!
Қызды ұстаңдар!
«Көзiн құрттық Райдың!» –
Селк еттi қыз!
Қарып өттi жүрегiн өртеп бiр iз.
Бар әлемнiң бояуы бiрден оңды, –
Сұп-сұрғылт күн,
Сұрсыз көл,
Немкеттi құз...
«Көзiн құрттық!» –
Дүние қаусап қалды...
– Рай!.. Рай!.. –
Жаңғыртты тау-шатқалды.
Оянды қыз көрдi де
Аярлы жүз,
Төнiп қалған тарбиып саусақтарды.
«Қаш!..» –
Миынан бiр дауыс еттi жарлық,
Қашты...
Жеттi...
Жартастан кеттi қарғып...
Күмп еттi де толқындар тас-талқан боп,
Кеудесiнен күшiмен тептi барлық...
Айырылды аспан да бiр қақырап,
Аза бойы қаза боп тұрды атырап.
Көлки-көлки көл бетi тыныштанды,
Қалқи жүзiп бетiнде бiр жапырақ...
19
«Қанатыңнан қайырылдың!..» –
Суық хабар.
«Жоқ!
Сенбейдi!
Жәй өсек, күдiк болар...»
Үш ұмтылып орнынан тұра алмады...
Өр едi ғой – мiне, ендi шiрiк томар.
– Жеткiзiңдер...
Қайда өзi... Бiр көрейiн...
Ұлым қайда?
Құдай-ау... бiрге өлейiн...
Тұла-бойын құрсаулап қысқандай ма,
Өз шапаны өзiне түрмедейiн.
Түк ұқпайды қалғандай сезiм қараң... –
Қарашығым...
Майданым... көзiм... балам...
Дүниеден шынымен өткенiң бе!..
Жоқ! Сенбеймiн!
Ат қайда?
Өзiм барам!..
Бекiндi де көл жаққа бұл да аттанды,
Ат соңында ала шаң шумақталды.
Шаңырағы шайқалып ақ орданың
Бай ауылы ұлардай шулап қалды.
20
Қапияда қан болған жаралы Ана,
Науқасынан айыққан жаңа ғана.
Тезек баттап отырды көң түбiнде,
«Ұл қайда жүр?
Бұл шiркiн орала ма!»
«Қайда жүр,– деп Байсал да сұрап кептi, –
Жылқысының жетеуiн ұры ап кеттi...
Бастан құлақ садақа!
Ұлым барда
Пешенеге жазылар тұяқ көп-тi...
Көрiндi ғой әне бiр төбеде атты...
Сұм жүрегiм, апырау, неге қақты?
Байсал ғой бұл...
Жынды ма сонша шауып?..
«Ой, бауырымдап» атты адам келе жатты...
– Ойбай, көтек... –
Орнында тұралады...
«Ой, бауырымдап» о несi жылағаны?..»
– Айырылдық, Райдан!..
Кеттi үзiлiп...
Кәрi жүрек арғыға шыдамады...
21
Баласының басында сорасы ағып,
Мырзан отыр.
Көз алды – ала шаңыт.
– Құлыным!..– деп, аһ ұрып кеңкiлдейдi,
Абажадай денесi аласарып.
– Тiрi жатыр мынау ит!..
Көзiн ашты!..
– Рай тiрi!
– Тiрi екен!..–
Сөз ұласты.
Жасын сүртiп Мырзан да мойнын бұрды,
Өзектегi өртiн де өзi басты.
Қанға бөгiп,
Ыңырсып жатыр Рай...
Жақындады ақырын ақыры бай:
– Көзiн құрттық бұл сұмның демеп пе еңдер?!.
– Ит жанды екен...
Өлмептi... кәпiрiн-ай?!.
– Құныкерi осы ғой ақ баламның...
Әй, Жандайшап!
– Шапсам ба?..
– Тоқта, малғұн!
Құлыныма араша түсе алмаған,
Өз басыңды алдымен ақтап алғын.
Мендей қайғы көрдi екен, тегiнде, кiм?
Бас шапқанмен бiтпейдi кегiм менiң.
Жазаламай жауымды жаным тынбас,
Кеудесiнен шығарман тегiн демiн.
Iшсе де ит
Қарғамның адал қанын,
Өлтiрмеймiн!
Алла алар алар жанын...
Ит пен құсқа жем болып қала берсiн.
Бар, Жандайшап!
Көзiн ой!
Мә, қанжарым!..
22
Таң алдында сырылды тау мұнары,
Қылаңытты қойнаудың қау-құраңы,
Алаңаншық ескенде күншығыстан,
Жапырағы теректiң саудырады.
Күтiп жатыр кермиық күндi атырап
Кәрi жартас бәрiн де тұр бақылап.
Шатқалдағы шымырлап жатқан көлдiң
Қалқып қонды бетiне бiр жапырақ.
Сол бiр таулар.
Сол бiр көл.
Сол көрiнiс...
Желектi жаз, желкем күз, көрпелi қыс.
«Қыз құлаған» бұл көлдiң бүгiнгi аты,
Құлап па екен қыз өзi? Ертегi-мыс...
Толқып жатыр маржан көл қанасында,
Мен iздеген шал да жоқ жағасында.
Жiбергендей бәрiн де жуып-шайып,
Жылпос уақыт қас пен көз арасында.
Бiрақ таудан торғын жел кейде ескенде,
Жағасына жастар кеп ой кешкенде,
Көл: – Рай! – деп шақырса,
Жел:
– Маржан! – деп,
Екi ғашық ұқсайды сөйлескенге.