31.08.2022
89
ШЫҢЫРАУ ҚҰДЫҚ
Сусамырды суарған
шөлейттегi шыңырау.
Сырты аптап, iшi сыз
Менiң жаным секiлдi.
Шегендерiн сығымдап,
қаусырса да қара жер
Қабырғасы қайыспай
қасқайып тұр шыңырау...
Табандағы тұныққа
қолы жетпей бiреудiң
Тас лақтырып түбiне
тереңдiгiн өлшеген.
Қанып iшiп кәусарын,
қайыл болса бiреулер.
Былш еткiзiп бетiне
бiреу кеткен түкiрiп.
Қудық жаны – тұнық су,
талқан болмай қайтедi,
тастан ауыр түкiрiк,
қауып түссе жүрегiн?
Керуендердi кенелткен
Шөлейттегi шыңырау,
сырты аптап, iшi сыз,
менiң жаным секiлдi.
Төбесiнен өтедi,
құмды боран дүркiреп,
тұнығына шөгедi,
ұлы ғасыр тозаңы.
Замандардан замандар
зымыраған шақтарда,
көзiн жұмып қайнары,
қаусағанда шегенi,
жiбiтпесiн сезсем де,
ғасырлардың таңдайын,
көзiн оның бiр Керуен –
аршырына сенемiн!..