31.08.2022
107
КIМ ӨШIРЕР
Өшiрiп жатыр суретшi
қағазға түскен кескiннiң
көңiлге кемiс көрiнген
керексiз, құнсыз тұстарын.
Өшiрiп жатыр бет-жүзiн
күлгенi үшiн өтiрiк,
өшiрiп жатыр көздерiн
қарағаны үшiн қастықпен.
Өшiрiп жатыр құлағын
қаңқуға қайымдығы үшiн,
өшiрiп жатыр ерiнiн
өсекке бейiмдiгi үшiн.
Өмiрде дағы аз ба екен
өзегi өлi мүскiндер,
сүтпенен сiңген сұм ниет
сүтпенен сүртсең кетер ме?
Солардың суық қолынан
жаныңа түскен жараны
арыңа түскен дақтарды
құдірет бар ма өшiрер?!