31.08.2022
105
САЛАСПИЛС
Мүсiндер... Мүсiндер...
Қаралы мүсiндер, жаралы мүсiндер.
Қайратты мүсiндер, азалы мүсiндер.
Аралап келемiз:
Шалғынға шық тұнып қалыпты,
Мөп-мөлдiр тұнық шық,
Сәбидiң көз жасы тәрiздi.
Бұл жерде жалмауыз,
Адамның терiсiн жамау қып,
Жердiң жыртығын жамаған.
Бұл жерде жендеттер
Уақыттың өзiн де дарға асқан.
Бұл жерде қасiрет инесi,
Жүректi жүрекке қапсырып тiгедi.
Бұл жерде қанатын қомдайды
Бойдағы кегiңнiң балапан құстары.
Бiр сәби көшеде жыласа
Жамырай жаутаңдап қараймыз, –
Бұл жерде жетi мың жас сәби
Шырқырап жылаған...
Қасiрет!..
Қаншама қасiрет!..
Ойласаң төбе шаш тiк тұрар!
Жетi мың жас донор
Қаншама қандарын бергенiн,
Қаншама көз жасын төккенiн,
Қаншама Аштықты,
Қаншама Ауруды,
Қаншама Азапты,
Қаншама Ажалды көргенiн
Санауға
Шашың да шақ келмес!..