31.08.2022
  99


Автор: Ұлықбек Есдәулет

ӘЗӘЗIЛ

Көшбикенiң тiзеден шалғыны бар,
Кеше қалса шалынып шал жығылар.
Қалың шөптi таптаған тобыр топтың
Елеуреген жүздерi сан құбылар.
– Ыбырайда ызам бар сан талайғы,
Қысас қылмай қыжылым тарқамайды.
Ал қаптаңдар!
Абайды сабаймыз! – деп,
Әбен сұмның көздерi қанталайды.
Қарайған топ қарадай қаны қайнап,
Қолдарына түкiрдi «а, құдайлап».
Оқшау үйде ойланып отыр Абай,
Қалың елдiң қамығып қамын ойлап.
– Абайды ұрып...
Әй, кiмнiң дәтi шыдар?..
– Тарт тiлiңдi!
Атаңның ақысын ал!
...Ақын түскен ақ үйге төнiп келдi,
Сайланған топ сойылы, сапысы бар.
Жылпос бiреу
Әбендi жанасалап,
Дырау қамшы ұстатты оңашалап:
– Бәр-рекелдi!..
Абайды аямай ұр!
Ала алмасын ешкiм де арашалап!
Қанды қамшы ақынға жауып кеттi...
Әлгi жылпос тұрды да бағып көптi:
– Ойбай, Абай ағамды сабады! – деп
Хабарлауға оязға шауып кеттi...





Пікір жазу