31.08.2022
  89


Автор: Ұлықбек Есдәулет

МЕН СЕНЕМIН

Мен сенемiн..
Қайта жанып өшкенiң,
Нұрға бөлеп Қара Ертiстiң кештерiн,
Тағдырыңды ұсынғандай қолыма
Ұсынарсың асау қайық ескегiн.
Мен сенемiн...
Буға айналып өлi мұз,
Гүлге айналып, нұрға айналып, тегi, бiз,
Қатар жатқан қос жанартау демiндей
Бiр-бiрiмiздi тұрар шарпып демiмiз...
Мен сенемiн,
Бұл жалғанда бақыт бар,
Әттең, бiрақ ғұмыр жүйрiк, уақыт тар.
Жаз шыққанша бұтағымыз майысып,
Жапырағымызға қалар, бәлкiм, қатып қар.
Мен сенемiн,
Жұлдыздары аспанның
Көз жасына ұқсас десе жастардың.
Менiң дағы жұлдыз толды көзiме,
Қарағым-ау, қалай жұлып тастармын?
Сенемiн мен:
Сезiм кейде обаған,
Ессiз ерiп, есiл кеткен сан адам.
Мен сенбеймiн махаббатқа
Егер де
Бiр толқымай өтер болсаң сен оған!





Пікір жазу